Бүгін, 28 сәуірде ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Марат МУРЗИЕВ Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл орын бос еді, ол Нариман Таушевтің орнына келді. Қаржы, инвестиция және ауыл шаруашылығы саласын қадағалайтын болады.
Осылайша, қазір облыс әкімінің үш орынбасары бар: Қайрат Нұртаев, Жасұлан Бисембиев және Марат Мурзиев.
Мурзиев Марат Бисенғалиұлы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы, Т. Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Атырау табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. 2004 жылы – Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, 2006-2009 жылдары-заңгер, түрлі компаниялардағы қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер қызметін атқарды. 2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімінің аппаратында әкімнің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2010-2011 жылдары - Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының бөлім басшысы, Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі. 2012 жылы – Атырау облысы әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі орынбасары, 2013 жылы - Атырау облысы Тексеру комиссиясының төрағасы.
2017 жылы Исатай ауданының әкімі, 2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін Құрманғазы ауданының әкімі лауазымын атқарды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА