Махамбет ауылындағы Мерей мөлтек ауданы мен Жалғансай ауылындағы жаңа мөлтек ауданға электр желісі мен көше жарығының құрылысы басталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 8 ай. Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алтынбек ҚУАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, жоба құны - 3,5 млрд теңге. Мердігер мекеме - «Гранд Мастер» ЖШС. Жоба бойынша жаңа қосалқы станция құрылысы, жоғарғы кернеулі 110 кВт қуат алатын электр желісі және 10 кВт қуат беретін желісі қамтылған. Аталған желінің жалпы ұзындығы 137,5 шақырым.
- Көшені жарықтандыруға кететін электр энергиясы үшін жыл сайын округ 4 млн 650 мың теңге, ал күтіп ұстау үшін 500 мың теңге алады. Осы орнатылған көше жарық шамдарының барлығы бірдей тұрақты жанып тұрмайды, электр шамдары жиі істен шығады. Ай сайын шамамен бес шам, кейде одан да көп ауыстырылады,- деді Жалғансай ауылдық округінің әкімі Ғибрат МЫРЗАҒАЛИ. – Электр қуатын үнемдеу және жарық шамдарын тиімді пайдалану үшін алға қарай көше жарығын жарық диодты шамдарға ауыстыруды жоспарлап отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет