26 сәуірде Атырауда Дешті Қыпшақ даласынан шыққан қайраткер Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Ол Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Сауд Арабиясы елдерінің ғалымдары қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ Сұлтан Бейбарыстың өмір жолына байланысты деректермен бөлісті.
— Бейбарыс бабымыз дінді ерекше ұстанған. Қос құрметті мекен Мекке мен Мадинаның қорғаны болған. Сол екі құрметті жердің қызметшісімін деп атаған. Яғни Сұлтан болып тұрған кезінде мұсылман еліне көмегін, қолдауын көрсеткен. Осы елдің өркендеуіне өзіндік үлкен үлесін қосқан. Осындай тұстарын ғалымдар жан-жақты баяндамада айтты. Қазақтың топырағынан көптеген ұлы тұлғалардың шыққаны баршамызға белгілі. Әлемге танымал тұлғалардың бірі – Сұлтан Бейбарыс бабамыз. Ағыдағы жылы маусым айында Мысыр елінде бабамызға арналған арнайы салтанатты жиын өтеді. Мысыр елінде бабымыздың салғызған мешіті бар. Сол мешіттің іші қазақтың оюларымен өрнектеп салынған. Қазірде ол сақтаулы. Күрделі жөндеуден өтті. Алла қаласа, 2024 жылы мешіттің ашылуына арнайы делегациямен қатысу жоспарланып отыр. Бұл екі елдің Қазақ елі мен Мысыр елінің достығының үлкен бір нышаны болып табылады. Сондай-ақ, қыркүйек айында Алматы қаласында тәжірибелік конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ Бейбарыс бабамыздың Ислам тарихындағы және қазақ қоғамындағы орны туралы баяндады:
- Сұлтан Бейбарыс атыраулықтар үшін ыстық. Өйткені көптеген тарихи деректерде Бейбарыс Сұлтан Атырау өңірінен Беріш руынан деген дәйектер келтіріледі. Негізінен бұл Жайықтың бойын қазіргі биографиялық нысандарға сәйкестендіре келеді. Сондықтан біздің атамыз деп ерекше мақтанамыз. Аталған конференцияның біздің өңірде өтуінің өзі ерекше. Конференцияға халықаралық деңгейдегі зерттеуші ғалымдар келіп отыр. Жаңа тарихи деректер айтылып, Сұлтан Бейбарыстың тарихтағы рөлін тағы бір еске салатындай мазмұнды шара өтуде.
Іс-шара аясында Сұлтан Бейбарыстың өмір тарихына арналған ғылыми баяндамалар ұсынылды. Бұдан басқа, «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы «Ұлы даланың барысы – Бейбарыс сұлтан» республикалық шығармашылық байқау жариялады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер