Атырау, 28 қараша 04:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Көшедегі ойын-сауық бизнесін реттеу керек

Сурет
1 310 просмотра
Көрнекі сурет

Жыл сайын Атырауға күн жылынғаннан кейін көшедегі ойын-сауық саласындағы бизнес жанданады. Алайда ол әлі заңмен реттелмеген. Бұл тақырып Өңірлік кәсіпкерлер палатасында (ӨКП) өткен кезекті отырыста талқыланды.

Кәсіпкерлер қазіргі уақытта ыңғайлы орынды өздері таңдайды, өйткені олар үшін арнайы орындар бекітілмеген. Нәтижесінде полициямен ара-тұра жанжал туындап, құрал-жабдықтары тәркіленеді, бірақ прокуратураның араласуынан кейін олар кері қайтарылады. Мұның бәрі бұл бизнесті реттейтін құқықтық актілердің жоқтығынан орын алып отыр.

Отырыста белгілі болғандай, бүгінде тек үш кәсіпкер арнайы бөлінген аумақта жұмыс істейді – олар конкурс қорытындысы бойынша 2021 жылы анықталған еді.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ жақында қала әкімімен өткен жиында қауіпсіздік техникасын сақтамаған кәсіпкерлерді жазалауды қарастыратын іс-шаралар жоспары ұсынылғанын айтты. Бірақ, оның ойынша, алдымен бизнестің жұмыс істеуіне жағдай жасап, содан кейін ғана оларға талап қою керек.

- Кеңестен кейін талдау жүргіздік, барлық кәсіпкерлер ЖК ретінде ресми тіркелген, Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес келеді. Бекітілген арнайы орын болмаса, кәсіпкерлер қалай, қайда жұмыс істейді? Сондықтан да осындай жағдай туындайды, - деді С. Жолдыбаев.

Қалалық кәсіпкерлік жане ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВ қабылданған іс-шаралар жоспарына қатысты түсіндірді. Оның айтуынша, ол ұсынымдық сипатта және қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ұсынылған. Сонымен қатар, әкімдік кәсіпкерлерден учаскелердің тазалығын да талап етеді.

- Кәсіпкерлермен тұрақты негізде кездесу ұйымдастырылады, оларға тиісті ұсыныстар беріледі. Бастапқыда олар барлық қауіпсіздік шарттарын сақтайды, дегенмен біраз уақыттан кейін жағдай қайталанады, қауіпсіздік, санитариялық тазалық талаптары бұзылады, кейде осы учаскелерде орналасқан мемлекеттік мүліктің бүліну фактілері орын алады. Олардың қызметін заңдастыруға келетін болсақ, 2021 жылы қала бойынша арнайы учаскелер бекітілді. ТКШ қаржы бөліміне ұсыныс енгізді, конкурстар ұйымдастырылды. Алайда, тілек білдірушілер аз болды, кәсіпкерлер арасында тек үш жеңімпаз анықталды, олар қазір заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Өтініш берушілердің болмауына байланысты қалған конкурс өткізілген жоқ. Жақында қала әкімімен өткен кездесуде осы мәселе қайта көтерілді. Қазір 12 учаске бойынша конкурс өткізуге дайындық жүргізілуде. Құжаттар дайын болғаннан кейін біз кәсіпкерлерді жинап, оларды конкурсқа қатысуға шақырмақпыз, - деді Р. Дәулетов.

Сәрсенбай Жолдыбаев жаңа конкурстың дайындығы туралы алғаш рет естіп отырғанын және бекітілген орындардың тізімі сараптамалық қорытынды алу үшін Кәсіпкерлер палатасына әлі түспегенін айтты. Ал бизнестің мүдделерін қозғайтын барлық нормативтік-құқықтық актілер қандай да бір дәрежеде ҰКП немесе оның өңірлік бөлімшелері арқылы өтуі тиіс. 

Р.Дәулетовтің айтуынша, бұған дейін олар Сауда және интеграция министрлігіне бірнеше рет хат жолдаған. Өткен аптада тағы да облыс әкімінің қолы қойылған хат жолдап, жақында жауап алған.

- Сауда комитеті бұл мәселе өңірлерде қалай шешілетіні, бұл орындар кімнің балансында екені туралы ақпарат сұрады. Қазіргі уақытта комитет тиісті нормативтік актіні дайындап жатыр, - дейді Р. Дәулетов. 

ӨКП өкілдері қалыптасқан жағдайды шешудің бір жолы ретінде бизнесті көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша бөлуді және олар үшін тиісті учаскелерді айқындауды ұсынады.

Алайда, әкімдік өкілдері атап өткендей, кәсіпкерлер көбіне белгілі бір орында жұмыс істеуге келіспейді, атап айтқанда, олардың басым бөлігі кешкі уақытта және демалыс күндері қала тұрғындары көп болатын Исатай мен Махамбет алаңында жұмыс істегісі келеді. 

Отырыс барысында Жылыой ауданының кәсіпкері Күнзипа ЕРҒАЛИДЫҢ өтініші қаралды. Бұл жағдай біршама өзгеше. Ол заңды түрде жұмыс істейді, бірақ рұқсат құжаттары болғанымен полиция оған жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.

Жылыой ауданы бойынша Кәсіпкерлер палатасы филиалының менеджері Гүлмира БАЛЖІГІТОВА Ерғали балаларға арналған батут қоятын жерді жалға алған, ақысын уақтылы төлеп тұрады және барлық қауіпсіздік талаптарын сақтап отыр.

- Өткен жылы оған полиция қызметкерлері жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді, оны учаскеден қумақ ниетте ескерту жасаумен болды. Әйел көп балалы ана, күйеуі мүгедек, бизнестің бұл түрі - отбасының жалғыз табыс көзі, - деді Г. Балжігітова.

Сөз соңында С.Жолдыбаев осы мәселені тез арада шешуді сұрады. Оның айтуынша, өз кезегінде бұл жұмысқа белсенді қатысуға дайын екенін білдірді. Жалпы «ойын» кәсіпкерлерінің жағдайын шешу үшін жұмыс тобын да құру қажет деді ол.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

ӨКП жолдаған суреттер

26 сәуір 2023, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.