Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменінің басшысы Мәдениет ТАНАУОВ мәлім етті.
- 2 наурыз - 25 сәуір аралығында қызылшаға күдікті 16 жағдай тіркелді. Оның ішінде 6 жағдай зертханалық жолмен дәлелденген. 2 жағдай шет елден келген (Түркия,Тәжікстан) тұрғындардан кездессе, қалғаны Атырау облысынан. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды. Бүгінде санитариялық-эпидемологиялық тексеру жалғасуда, - деді М.Танауов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ қызылша ауруы балалар арасында көбейіп жатқанын айтты. Ауру жұқтырғандардың тоғызы кәмелетке толмағандар. Қызылша ауруын жұқтырған Жаңаталап ауылындағы орта мектепте күнделікті дезинфекция мен желдету жұмыстары жүргізіледі.
Мамандар тұрғындарды екпе алып, аурудың алдын алуға шақырады. Бүгінде өңірде қызылша ауруына қарсы 22 мың доза екпе бар.
- Аурудың басты белгілері - дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрын, көз, тамақ қабынуы. Ал бөртпелердің пайда болуы диагнозды толық дәлелдейді. Сондықтан дер кезінде екпе алып, инфекциялық аурулардан қорғанайық, - деді Қ.Абдалиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет