Атырау, 28 қараша 02:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ашуға булыққан​ камазистер: «Лимиттер мен баға көтеру жойылсын!»

Сурет Бейнежазба
2 337 просмотра

Атырауда жүк көлігі жүргізушілері жанар-жағармай бағасының қымбаттауына наразылық білдірді. Бүгін, 25 сәуірде елуден астам КамАЗ жүргізушісі наразылық ретінде «Аламан» базарының маңына жиналды. Базар жанында екі сағат бойы жүк көліктері тізіліп тұрды.

Олардың айтуынша, соңғы 10 күнде баға біртіндеп көтеріліп, дизель отынының литрі 230 теңгеден 295 теңгеге дейін көтерілген. Жүргізушілер резиденттер үшін жанар-жағармай бойынша лимитті алып тастауды, ал шетелдіктер үшін – керісінше, лимит қоюды, сондай-ақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылауға алып, Түркіменстандағыдай шекарада шетелдік жүк көліктерінің жанармай құятын ыдыстарын тексеріп, оларға күніне 200 литр лимиттен асырмауды сұрады.

Жүргізушілердің пікірінше, жанар-жағармай құю бекеттерінде Қазақстан азаматтарына қатысты алақол саясат бар: жанар-жағармай шетелдіктерге арзандатылған бағамен 280 теңгеден, ал қазақстандық техпаспорты барларға қымбатырақ және бір көлікке 300 литрден аспайтын мөлшерде сатылып жатқанын айтады.

– Қазақстаннан тонналап дизель отынын тасып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Сондықтан бекеттерде дизель отыны бізге жетпей, тез таусылады, – дейді 15 жылдан бері  құрылыс материалдарын тасымалдаумен айналысып жүрген жүргізушілердің бірі Әнуар ӘБІШЕВ.

– Мұнайдың үстінде отырып, жанар-жағармай бағасының көтерілгені өте қиын болды, – дейді Индер ауданынан топырақ тасумен айналысатын жүргізуші Абылай УӘП оның сөзін іліп әкетіп. – Бәріміз бірдей ТШО мен Қарабатан жобаларында жұмыс істей алмаймыз. Күнімізді көріп, КамАЗ айдап, топырақ, құрылыс материалдарын тасимыз. Көрші елдерде дизель отыны біздегіден әлдеқайда қымбат дейді. Бірақ әр елдің жағдайы бөлек, өзінше реттеуі тиіс қой бағаны!

2022 жылғы 22 тамызда ҚР Энергетика министрлігінің бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр көлемде бір литріне 230-260 теңге (өңірге байланысты) бағамен белгіленген. Ал Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін бекітілген лимит 300 литр үшін тәулігіне өңіріне қарай литріне 230-260 теңге бағамен сатылып келді.

Қалған санаттағы адамдарға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден босатылады.

Жиын басталғаннан кейін көп ұзамай прокуратура, облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері наразылық білдірушілерге келді. Олар мұндай жиын ҚР заңнамасына қайшы келіп, рұқсат етілмеген митингі ретінде саралануы мүмкін екенін ескертті. Дегенмен, олар жүргізушілердің талабына құлақ асып, бұл мәселені зерделеуге уәде берді. Бұдан бөлек, әкімдік өкілдері үш күн уақыт беруді сұрап, содан кейін белсенділер қалалық әкімдікке шақырылып, сол кезде мәселенің шешімін айтатынын да алға тартқан.

Екі жақтың келісімі бойынша жиын тағы екі сағатқа жалғасты. Алайда камазистер талаптары үш күн ішінде орындалмаса, қайта жиналуға сөз берді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 сәуір 2023, 22:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.