Осыдан тура жеті жыл бұрын, 2016 жылдың 24 сәуірінде жерді шетелдіктерге сатуға рұқсат беретін Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсы ауқымды митингтердің бірі Атырауда өткен болатын. Жиыннан кейін Кодекс қайта қаралды.
Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН бастаған жергілікті белсенділер заңға сәйкес митинг өткізуге алдын ала өтініш білдіргенімен, қала әкімдігі рұқсат бермеді. Араға он күн салып, 24 сәуірде Махамбет пен Исатай орталық алаңында 4 мыңнан астам адам жиналды.
Митингке шыққандарға сол кездегі шенеуніктер – облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ, Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман БӘЖЕНОВ және басқалар шықты. Олар адамдардың әрекеті дұрыс еместігіне, бәрі заң бойынша болып жатқанына сендіруге тырысты. Мұның бәрі қалай аяқталғаны баршаға аян.
Ноғаев ешкім қудаланбайды деп уәде берді, бірақ бұл да бос сөз болып шықты. Өйткені одан әрі бұл жағдай облыс басшысының қолында емес еді. Талғат Аян мен Макс Боқаев 5 жылға сотталды. Қазір олар бостандыққа шықты, Аян қоғамдық жұмыстармен айналысуды тоқтатты, ал Боқаев таяуда «Мұнайшы» стадионының алдындағы ауқымды экологиялық митингіде көрінді. Сол кезде жиналғандар жергілікті биліктің өз талаптарын үкімет пен парламентке жолдап, 21 мамырға дейін жауабын аламыз деген уәдесіне қол жеткізді. 24 сәуірдегі жаппай акция «үлгі аларлықтай» өтті: бәрі өркениетті болды, халық өз талабын айтып, ұжымдық хатқа қол қойып, тарап кетті.
Бірақ 2016 жылғы «жер» митингісіне оралайық. Әрине, 2022 жылдың қаңтарында болған оқиға сияқты, бұл да кездейсоқ емес еді. Оны ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушыларға қарсы қуғын-сүргінмен аяқталған «жер» митингісінен кейін жер мәселесі бойынша республикалық комиссия құрылды, содан кейін Жер кодексіне өзгерістер енгізуге 2021 жылдың соңына дейін мораторий жарияланды. Бұдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды. Шетелдіктерге бұрын жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің мерзімі ұзартылмады.
Демек, «Жаңа Қазақстан» сол кезден басталған екен. Егер ол шынымен де жаңа Қазақстан болса, ол көп жағдайда өзімізге байланысты болмақ.
Фархат АБИЛОВ