Индер ауданындағы кәсіпкерлер бұрынғы мұнай-газ құбырларын пайдалану кезінде бастары дауға қалды. «АЖ» тілшісіне индерлік қоғам белсенділері хабарласып, мән-жайдың қалай болғанын түсіндіруге тырысты.
Олардың айтуынша, «Атырау-Орал» арқылы өтетін шамамен бірнеше шақырым құрайтын жерасты мұнай құбыры кеңестік үкімет кезінен қалған. Кейін ол газ құбыры ретінде пайдаланылған. Ақыр соңында жаңа құбырлар жүргізіліп, ескісі пайдасыз қалған.
- Былтырдан бері осы құбырды әлдекімдер кесіп алып, өз пайдасына жаратып жатқанын көрдім. Ал жергілікті кәсіпкерлер Индер ауданының тұсындағы ескі құбырларды қазып, шығарып жатқанда полиция келіп, жұмыстарын тоқтатып тастаған. Полиция ұрлық болып жатыр деген негізді ұстанған. Бүгінде қылмыстық іс көтеріліп отыр. Кім арыз берді, кімнің үстінен іс көтерді, түсінбедік. Біздің қолымыздағы рұқсат қағазда «қорғалғал аймақтағы» құбырларды қазып, жерлерін рекультивизациялау қажеттігі жөнінде көрсетілген. Сол себепті жергілікті кәсіпкерлер аудан тұсындағы 5 км жердегі құбырды қазып ала бастаған, бірақ бастары дауға қалып отыр. Жалпы Атыраудан Оралға дейінгі газ құбырларын Ақтөбе мен Оралдың жеке кәсіпкерлері қолды еткен. Кезінде оларды неге жауапқа тартпады? - дейді Алтынбек САТАНОВ.
А.Сатанов аудандық прокуратураға барып, президенттің жеке кәсіпкерлер жұмысына кедергі келтірмеу жөнінде мораторий жариялағанын негізге алып, «неге жұмысты тоқтаттыңдар?» деген сауалына нақты жауап ала алмағанын жеткізді.
- Иесіз жатқан тұрбалардың иесі анықталған жоқ, кәсіпкерлер үстінен күдікті ретінде іс көтеріп отыр былтырдан бері. Бұл тексерістің неге ұзаққа созылып отырғанын түсінбей отырмыз. Бір кәсіпкерді жуырда алып кетіп қамап тастап, кейін босатты. Неге Махамбет аумағында қолды болған жайды анықтамайды? Ол құбырлар қайда кетті, кім алды, неге жаратты? - дейді А. Сатанов.
Кәсіпкерлер құбырды қазып, сату арқылы жергілікті жердегі тұрмысы төмен отбасыларға көмектеспек болғанын айтты.
- Аудан орталығында Кеңес үкіметі кезінде салынған аурухана бар. Ол кейін жаңасына көшіріліп, ескі ғимарат үйі жоқтарға баспана ретінде берілді. Ол ғимарат бүгінде әбден тозып кеткен. Ондағы тұратындардың басқа баспана алуға жағдайлары көтермейді. Кәсіпкерлер құбырды сату арқылы сол адамдарға үй алып беруге жұмыстанбақшы еді, - дейді аудан тұрғыны Нұрлан САБЫРОВ.
Біз осы жай туралы аудандық прокуратураға редакция сауалын жолдап, Индер ауданының прокуроры Абзал САХИЕВТЫҢ қолы қойылған жауап хат алдық: «ҚазТрансГазАймақ» АҚ иелігіндегі жерасты темір құбырларын аса ірі көлемде залал келтіру арқылы ұрлау және ұрлауға оқталу қылмыс белгілері бойынша ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 1,3-тармақтарымен, 24 -бабы 3-бөлігімен, 188-бабы 4-бөлігі 1 және 3-тармақтарымен Индер ауданы полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүруде. Қылмыстық істің шеңберінде Индер аудандық тергеу судьясының қаулысы негізінде ҚР екі азаматына қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қолданылған бұлтартпау шараларының заңдылығына Атырау облыстық сотының тиісті сатыларында құқықтық баға берілген. Тергеу амалдары жалғасуда. Кәсіпкерлердің жұмысына араласуына қатысты уәждері бойынша қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы орын алғандықтан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі Қылмыстық-процестік кодексімен реттелген және осы негіздер бойынша тексерулерге «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлықтың 4-ші тармағына сәйкес шектеулер қосылмағандығын назарға беремін. Айғақ заттар ретінде танылған тұрбалардың тағдыры қылмыстық істер өндірістен тоқтатылған уақытта немесе сот үкімі шығарылған жағдайда ғана Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес шешілетін болады».
Кейін облыстық ПД баспасөз қызметі: «21 сәуір күні «Индер-Махамбет» магистральды газ құбырларын заңсыз шығару арқылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ұлттық компаниясының қорына ірі мөлшерде залал келтірумен байланысты қылмыстық істерді тергеу аясында Атырау облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратура органдарының үйлестіруі бойынша 1978 ж, 1984 ж, 1988 жылғы күдіктілерді анықтап, ұстады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК 188 бабы 4-ші бөлігімен, яғни бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды» деп қосымша хабар таратты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Автор түсірген және Атырау облыстық ПД жолдаған суреттер