Атырау, 28 қараша 04:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Вице-премьер бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

Сурет
1 035 просмотра

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай КӨЛГІНОВ Атырау облысына жұмыс сапары барысында онкология диспансерінде, ауылдық мектептерде болып, кадрларды қайта даярлау барысымен танысып, Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті. 

Өңірде денсаулық сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Кадр тапшылығы, жабдықтардың ескіруі немесе болмауы медициналық көмектің сапасына теріс әсер етеді. Тұрғын үймен, көтермеақымен қамтамасыз ете отырып, өңірге тұрақты негізде дәрігерлер тарту, медициналық мекемелер салу және жаңғырту үшін кешенді шешімдер қажет. Алтай Көлгінов апатты жағдайда тұрған облыстық онкология диспансерінде болды. 

Медициналық мекеме пациенттерді әлі де қабылдап жатыр, бірақ мүмкіндігі өте шектеулі: жабдықтардың бір бөлігі ескірген, ал қалғаны ми ісіктерін, әйелдердің репродуктивті жүйесі сырқаттарын, басқа да ауыр дерттерді толық емдеуге қауқарсыз. Қатерлі дертке шалдыққан жергілікті науқастарға жаңа ғимараттан басқа да өте қажетті диспансер техникалық жаңғыртуды талап етіп тұр, мысалы сызықтық үдеткіш, брахеотерапия аппараты, компьютерлік томограф керек. 

Вице-премьер облыс әкімдігі желілік үдеткішті орналастыруға қажет каньонды өз қаражаты есебінен сатып алған жағдайда, «Қазақстан халқына» қорынан қымбат құрал-жабдықтарға қаражат бөлу жоспарланып отырғанын атап өтті. 

- Онкология диспансерінің техникалық базасын жаңарту маңызды мәселелердің бірі – облыс тұрғындары білікті медициналық көмекті жергілікті жерде ала алады, ол қолжетімді әрі сапалы болады. Еліміз бойынша барлығы 16 онкология орталығы «Қазақстан халқына» қоры есебінен сәулелік терапия құрылғыларымен жабдықталады, — деді А.Көлгінов.

Атырау облысының білім саласында да бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар. Өңірде төрт апатты және 11 үш ауысымды мектеп бар, педагогикалық кадрлардың және оқушылар орнының тапшылығымен қатар, білім сапасы мәселесі өзекті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, функционалдық сауаттылық, академиялық білім, сондай-ақ ҰБТ нәтижесі сияқты көрсеткіштер бойынша Атырау облысы республикада соңғы орындарда. Сондай-ақ аттестация қорытындысы бойынша шекті мәннен төмен ұпай жинаған пән мұғалімдерінің үлесі бойынша антирекорд белгіленді.

- Барлық құралдарды пайдалана отырып, оқушылардың білім деңгейін арттыру қажет. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеріп, оқыту әдістемесін қайта қарап, халықаралық тәжірибені барынша пайдаланып, сонымен қатар ауылдардағы интернет жылдамдығын арттыру өте маңызды, — деп атап көрсетті А. Көлгінов.

Жұмыспен қамту мәселесі облыс тұрғындары үшін әлі де маңыздылығын жойған жоқ. APEC PetroTechnic жоғары колледжі базасында төрт жылдан бері аймақтағы ең ірі тау-кен өндіруші компанияның демеушілігімен білім беру жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Атырау қаласының, сондай-ақ көршілес Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындарының мұнай-газ саласына қатысты нарықта сұранысқа ие кәсіпті игеріп, жұмыс табуға мүмкіндігі бар. 

Оқытуды тәжірибелі шеберлер жүргізеді, олар теориялық біліммен бірге тәжірибе береді. Соның арқасында курс бітірушілерінің 90%-ға жуығы жаңа мамандық бойынша жақсы жалақы алатын жұмыс табады. Ауылдағы жұмыспен қамту мәселесіне «Ауыл аманаты» жобасы септігін тигізіп отыр. Оның болашағы мен мүмкіндігі туралы премьер-министрдің орынбасары Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

– Мемлекет жеке қосалқы шаруашылықты немесе кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы жағдайлар, несиелік демалыстар және басқа да мүмкіндіктер береді. Облыс әкімдігінің тапсырысына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау облысына 1 миллиард 504 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 188 несие беріп, 200-ге жуық жеке қосалқы шаруашылық құру жоспарланып отыр, – деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Сапар барысында Алтай Көлгінов өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі 1000 орындық студенттік жатақхана құрылысының жоспарымен танысты. Бүгінгі күні оны салудың бірнеше механизмі қарастырылуда: қарыз қаражаты есебінен немесе МЖӘ негізінде.

Вице-премьер Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы гимназияда да болды. Оқу орны 1938 жылы салынған үш жеке ғимараттан тұрады және оларға робототехника мен STEAM кабинеттерін орналастыру мүмкін емес. Бірақ жаңа оқу жылы басталғанға дейін 600 орындық жаңа заманауи ғимарат пен 300 орындық мектеп-интернат салынады.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ӨКҚ жолдаған суреттер

24 сәуір 2023, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.