Атырау, 28 қараша 04:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Карьерден шыққан шу

Сурет Бейнежазба
1 443 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының «Жадырасын», «Ескі Аэропорт» ықшамауданының 60 шақты тұрғыны 30 жыл болған карьерлердің көмілмей жатқанына шу шығарды. Айлапат үлкен шұңқырға айналған бұл карьерлер жергілікті тұрғындар үшін бүгінде қорқыныш туғызып тұр. Сары уайымға салынған жергілікті бұдан бөлек әлеуметтік проблемаларын да жеткізді.  

«Жадырасын» ықшамауданында карьер 1993 жылы пайда болған. Тұрғындардың айтуынша, сол жылы Жем өзені қатты тасып, біраз үй суға кеткен екен. Тасқын судан қорғану үшін осы жерден көп топырақ алынып, бөгеттер салынған. Сол кезде пайда болған бұл карьерге бақандай 30 жыл болған. Одан бері бұл маңға жүздеген үй салынып, тұрғындар қоныстанған. Ал карьер ортада қала берген. Алайда қоқыс орнына айналған карьерді көму жөнінде әкімдер уәде бергенімен, сөз жүзінде қалып отыр.

- Біз бүгін текке жиналған жоқпыз, айтқан шағымымыз жоғарыға жетсін дейміз. Бұл карьер іші түрлі қоқысқа толы, жануарлардың өлексесі, үйден шыққан қалдықтарды осы жерге төгіп кетеді. Кім төгетінін білмейміз, шіріп жатыр, демалу мүмкін емес. Күн жылына сасық иістен терезені аша алмаймыз, - дейді ашынған Гүлжамал СӘДЕНОВА, Жақсыбай ЕРҒАЛИЕВ.

- Жалпы «Жадырасын» ықшамауданына билік көңіл бөлуді қойған. Бұдан үш жыл бұрын жаңа мектеп салу жөнінде 100 шақты адам қол қойып, арызымызды апарып тастадық. Әкімдіктен жауап болмады. Ал қазіргі балалар оқып жатқан «Ескі Аэропорт» ықшамауданындағы мектеп бұл жерден қашық болып тұр. Балабақша керек, көше жарығы да жоқ. Оның үстіне автобус аялдамасы да алыс, балалар үшін қиын болып тұр. Бізге осы ауылдың ішімен жүретін, мектеп оқушылары үшін ыңғайлы автобус керек. Қақсап айтамыз келіп, бірақ халықтың мұң-мұқтажына басын ауыртып жатқан басшыларды көрмедік, - дейді Ақбөбек ӨТЕГЕНОВА.       

«Ескі Аэпорттағы» ықшам аудан халқы үшін карьерді көму жанды жараға айналған.

- Осы жерге 2011 жылы үй тұрғызып алғанбыз, ал мына жатқан карьер Кеңестік үкіметтен қалған. Осы жерге кірпіш зауытын салу мен Жем өзені тасығанда қаланы тасқыннан қорғау үшін топырағын алған. Содан осы күйде қалып қойды. 2013 жылы әкімдікке тұрғындар атынан шағым түсірдік, бірақ жауап болмады. Шұңқырда өлексе, бар қалдықтар осында...Әне жабамыз, міне жабамыз дейді де қала беріп тұр, - дейді еңбек ардагері Бергенбай НҰРПЕЙІСОВ.   

Біз Жылыой аудандық әкімдігіне комментарий алу үшін жүгіндік.

- Құлсары қаласында бес карьер бар. Қазіргі таңда көму жұмыстары қолға алынуда. «Ескі Аэропорт» ықшам ауданындағы карьерді біртіндеп көмудеміз, бірақ өте үлкен шұңқырға айналғасын бірден бітеп тастау да оңайға түсіп жатқан жоқ,-дейді аудан әкімінің орынбасары Әнуар ШАКИРОВ. - Жалпы карьерлерді көму жұмыстары кезең кезеңмен атқарылатын болады. Аудан әкімімен кездесуде де осы жай үлкен мәселенің бірі болып көтерілген. Жалпы «Жадырасын» ықшамауданындағы карьерді көміп, орнына 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.

- Жиналған тұрғындар көтерген жарық, автобус мәселелері жөнінде не айтасыз?

- Құлсары қаласында 2019 жылы 109 көшеге 68 шақырым құрайтын замануи көше жарығы жүргізілген болатын. Осы жұмыстар жалғасын табатын болды, енді 92 шақырым болатын 122 көшеге жарық тарту көзделген. Қалада маршруттар 12 бағытта жүреді, олар ықшам аудандар мен басты көшелерді қамтиды. Енді осы сәуірде 9 дана автобус маршрутқа қосылмақшы. Жыл соңына дейін қосымша 20 дана автобуспен қамту жоспарланып отыр. Автобус көбейгесін тұрғындардың қатынауы үшін қолайлы жағдайды туғызуды өз міндетімізге алудамыз.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

24 сәуір 2023, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.