Атырау, 28 қараша 04:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Су ресурстарын қорғайтын ешкім жоқ

1 454 просмотра

Еліміздің батысындағы төрт облыстың су ресурстары маман тапшылығы кесірінен толыққанды қорғалмай отыр. Әңгіме мемлекеттік маңызы бар Жайық-Каспий бассейні жайында.

Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы су нысандарын қадағалау ҚР Су ресурстары комитетінің Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы құзырында. Аталған өңірлерде қазір суды заңсыз пайдалану фактілері көбейген. Алайда маман жетіспеушілігінен фактілерді тексеру мүмкін болмай отыр. Бұл туралы Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бөлімінің бас маманы Ботагөз МАХМЕТОВА айтып берді.   

«БІЗГЕ ТҰРАҚТЫ РЕЙД КЕРЕК, АЛ БҰҒАН ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ЖОҚ»

Махметованың айтуынша, инспекцияда соңғы үш жылда қысқарту жүрген, маман тапшы. Бірақ, мәселе тек мұнымен шектелмейді:  инспекцияда заңсыз пайдалану фактілерін тексеруге шығуға арналған қызметтік көлік жоқ, бар дегеннің өзінде, қосалқы бөлшектері болмаған соң жүрмейді, ескі; кеңседегі жұмыс компьютерлері ескі, бағдарламалары жаңартылмаған соң, жұмыс процесін тежеп отыр.

Ботагөз МАХМЕТОВА

- Соңғы кездері инспекцияға суды рұқсатсыз пайдаланушылар кебейгені жөнінде арыз-шағымдар жиі түседі. Маман көрсетілген нысанға жету үшін қызметтік көлігі жоқ. Тексеруді біз қазір тек прокуратураның рұқсатымен жүргізе аламыз. Онда да арыз-шағымдардың негізінде ғана. Ал су объектілерінің су қорғау белдеулеріне тұрақты рейдтік тексеру қажет.

Ол инспекцияның кадр бөлімінде 15 жыл қызмет еткен. Ол маман тапшылығы жайында Су ресурстары комитетіне бірнеше рет арызданғанын айтады. Бұған комитеттен «жаңа құрылым құрылады» деген жауап келген, бірақ әзірге өзгере қойған ештеңе жоқ.

Жайық-Каспий бассейндік инспекцияның төлқұжатына сәйкес, оның негізгі мақсаты мыналар болуға тиіс:

су пайдалану мен су қорын қорғаудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейіне қол жеткізу және қолдау;

халықты ауыз судың қажетті мөлшерімен және кепілді сапасымен камтамасыз ету;

су алуды азайтуға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологияларды игеру;

су объектілерін оларды қорғаумен қоса кешенді пайдалану.

Инспекцияның қызмет көрсету аумағы:          

Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының аумағы және Ақтөбе облысының Әйтеке би және Ырғыз аудандарынан басқа аудандарды қамтитын Жайық-Каспий гидрографиялық бассейні.

Жайық-Каспий бассейнінің жалпы су қоры – 28 км3. Соның ішінде жерүсті сулары – 27 км3, жерасты сулары – 1,031км3.

Негізгі су объектілері:

Каспий теңізінің Солтүстік-Шығыс жоне Шығыс бөлігі (жағалау ұзындығы - 1600 км), Жайық өзені сағаларымен, Елек, Орь, Қобда, Үлкен жене Кіші өзендер, Ойыл, Ембі, Сағыз, Шаған, Деркул және Қиғаш, Шаран, т.с. кіші озендер.

«АТЫРАУҒА КЕМ ДЕГЕНДЕ 30 МАМАН КЕРЕК»

Тағы бір үлкен мәселе - Жайық-Каспий бассейні мемлекеттік қадағалауда болуы тиіс болса да, осы су ресурстарын пайдалану бойынша қазір инспекция тарапынан мониторинг жүргізілмейді екен. Тағы да сол маман тапшылығынан.

Оның үстіне 2020 жылы қысқарту жүріп, ондай бөлім де қысқартылған, қазір инспекцияда тек екі бөлім ғана қалдырылған. Бұл - су пайдалануды басқару және реттеу бөлімі және су қорын қорғау бөлімі.

- Атырауда штат бойынша он маман болуы тиіс, ал қазір небары алты маман жұмыс істеп отыр. Бұрын қысқартулар жүрмей тұрғанда Атырауда тіпті 35 маман болатын. Ал басқа үш облыста бес маман болуы тиіс, бірақ, Батыс Қазақстан облысында бір маман, Ақтөбеде екі маман жұмыс істеп жатыр, ал Маңғыстауда мүлде маман жоқ, - дейді Махметова. - Биыл жыл басында инспекция басшысы Ғалидулла Азидуллин басқа қызметке (Экология және табиғи ресурстар вице-министрі - А.С.) ауысты. Артынша оның орынбасары өз еркімен лауазымынан босатылды. Басшының міндеттерін су пайдалануды басқару жене реттеу бөлімінін басшысы Сүлейменов Тұрлан, зейнеткерлік жасқа жақындағанына қарамастан, өзінің негізгі міндеттерімен коса атқарып келеді. Бізге басшы әлі тағайындалмай отыр.

Б. Махметова инспекция штатын Атырау облысында 30 адамға және көршілес әр үш облыста 5 маманға дейін көбейтуді, сондай-ақ бұрын қысқартылған бөлімдерді қайта құруды ұсынды.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

21 сәуір 2023, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.