Құрманғазы ауданында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Орлы ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қайта жаңғыртудан өтетін жолдың жалпы ұзындығы 10 шақырым, ал тротуар 4,3 шақырым. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «Атырау жолдары» ЖШС.
Учаске басшысы Наурызбек САБИРОВТЫҢ айтуынша, 2021 жылы ауылішілік жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Қазір 9 шақырым жолдың жер қабаты тегістеліп, астыңғы қабатын төсеу жұмыстары жүргізілген.
- Ауылға жол салу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Қазір құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар түгел дерлік алынды. Ақтөбе облысынан жеткізіліп, жол құрылыс жұмыстарын осы жылдың мамыр айында қайта жандандырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл ауылдағы 7 көшені қамтиды. Содан соң асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүреді. Ал құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, - деді Н.Сабиров.
Ауыл тұрғыны Исабай РЫСҚАЛИЕВ биыл ауыл үшін түйінді мәселе шешімін тапқанына ризашылығын білдірді:
- Бұл жолды ұзақ жыл күттік. Ауа райының қолайсыз күндері ауыл ішінде жүріп-тұру қиындық туғызатын. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, ол мәселе де шешіледі.
Айта кетейік, Орлы ауылында 2 574 тұрғын бар.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ суреттері