Армения Республикасының Үкімет басшысы Никол Пашинян Парламентте сөйлеген сөзінде Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды bugin.kz.
«Московский комсомолец» басылымының хабарлауынша, ол көрші елдің аумақтық тұтастығын мойындай отырып, Таулы Қарабақтан да бас тартуға дайын екенін айтты. Алайда Пашинян Әзербайжанның да Арменияның КСРО кезіндегі саяси картасын мойындау керектігін мәлімдеді.
Армения Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындауға дайын. Егер көрші елмен екі мемлекет арасында бейбіт келісім жасағымыз келсе, Әзербайжан Республикасы да Арменияның Кеңес Одағы кезіндегі географиялық картасын мойындауы керек. Сонда ғана бейбіт келісімге келіп, тиісті құжатқа қол қоя аламыз, – деді премьер-министр Парламентте.
Армения премьер-министрі бұған дейін де Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындай алатынын айтқан еді. Бірақ ол кезде Таулы Қарабақ туралы ештеңе айтпады.