Осы жылы облыс бойынша көктемгі егістіктің жалпы көлемі 10 315 гектарды құрайды деп болжанып отыр. Оның ішінде 2 939 гектарға көкөніс, 2 003 гектарға картоп, 1 338 гектарға бақша егіледі. Ал 4035 гектарға мал азықтық дақылдары егіледі-мыс. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов мәлім етті.
340 ауыл шаруашылығы құрылымдарында 170 трактор, 90 ауыл шаруашылығы машиналары мен су насостары бар.
- Облыстағы 91 ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 800 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тасымалдайтын операторларды айқындау бойынша конкурстық комиссия құрылды. Дизель отынын бөлу кестесіне сәйкес аталған жанармай сәуір айының 20-нан бастап берілетін болады, - деді С.Өтеғұлов.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 507 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алады. Күні бүгінге 360 тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Қалған 1147 тонна тыңайтқыштарға келісімшарт жасалып, төлемдерін аудару жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылға тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 75,1 млн теңге, пестицидтердің құнын субсидиялауға 5,4 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 19,9 млн теңге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметі шығындары құнын субсидиялауға 345,6 млн теңге жіргілікті бюджеттен бөлінді.
Егістікке су жеткізу бағытында жұмыс жасайтын аумақтағы «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі 14 суару-суландыру жүйесі, тиісті су пайдалану рұқсатын алып, іске қосылған.
Айта кетейік, облыс бойынша науқандық егістік жұмыстарға жетіспейтін еңбек күшін шет елдерден, оның ішінде Өзбекстаннан тартуға 800 адамға квота бөлінген. Күні бүгінге шет елдік 562 азамат облыс шаруашылықтарында жұмыс жасауға кіргізілді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ӨКҚ