Испаниядан келген күміс
Атыраулық дзюдошылар Қанат Сейілхан мен Әнел СҮЛЕЙМЕНОВА Испанияда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде күміс жүлдегерлер атанды.
Екеуі де турнирде 4 жеңісті белдесу өткізіп, ақтық сында ұтылып қалды. Әнел өзінің құрамадағы досы – астаналық Әйгерім Әбілқадыровадан бір «юко» айырмашылығымен жеңілді. Балаларды жарысқа бапкерлер К. Сүлейменов пен М. Есмағамбетов дайындады.
***
Қызылордадағы жүлделер
Қызылордада дзюдодан 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында «Абзал» құрылыс компаниясының жүлдесіне арналған республикалық турнир өтті.
Турнирдің 42 келіге дейін салмақта«алтынын» атыраулық спортшы Айболат Ыстыбай ұтып алды. Армат Есқазиев (50 кг дейін), Мұратжан Сүйеуғалиев (60 кг дейін), Саян Қайырғали (66 кг дейін) және Айшат Мұратқызы (70 кг дейін) күміс жүлдеге ие болды. СпортшылардыМ. Есмағамбетов, Ж. Қиянов және А. Жұмабеков дайындады.
***
Шымкенттегі жетістіктер
Шымкентте дзюдодан 1994-96 ж.т. жастар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері В. Клобуцкийді еске алуға арналған республикалық турнир өтті.
66 келіге дейін салмақта атыраулық Амантұрлы Тұяққалиев турнир жеңімпазы атанды. Табиғат Мағауия (73 кг дейін) және Наурызбек Өтеуов (90 кг дейін) күміс жүлдеге ие болды. Балаларды М. Әбдуалиев, А. Хатип және А. Қыздарбаев жаттықтырады.
***
Келесі матч «Мұнайшыда» өтеді
6 сәуірде «Судоремонтник» стадионында футболдан ел чемпионаты 4-турының матчында «Атырау» командасы шымкенттік «Ордабасын» қабылдады.
Қарсыластар бір-бірінің қақпаларына бірнеше қауіпті сәт тудырса да, өз мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады, есеп 0:0.
Стадионда (онда бір ғана шағын трибуна) көрермендердің көптігінен ине шаншар жер болмады. Көптеген жанкүйерлер ойындар команданың негізгі стадионы «Мұнайшы» СК-нде өтпегеніне наразылықтарын білдірді.
Біз «Атырау» ФК-ның директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВҚА телефон соқтық. Ол келесі үй матчын (20 сәуір) команда «Мұнайшыда» өткізеді деп хабарлады.
***
Ардагерлер алаңда
Өткен демалыс күндері «Геолог» ДСК-нде ардагерлер арасында футзалдан қала чемпионатының соңғы турының ойындары өтті.
Қорытындысында «Аэропорт» командасы чемпион атанса, екінші орынды «Болат», үшінші орынды «Каспий» иеленді. Турнирдің үздік мергені атағын 22 гол соққан «Болаттың» ойыншысы Владислав Борисов алды.
***
Тағы да «Былғары доп»
Көктемгі каникул күндері Атырауда «Ривьера» стадионында 1998-99 ж.т. жасөспірімдер арасында футболдан дәстүрлі «Былғары доп» облыстық турнирінің ақтық сайыстары өтті.
Жарыс «алтынын» №20 мектептің командасы жеңіп алды. «Күміс» Индер ауданы мектеп оқушыларының командасына бұйырды. Жүлдегерлердің үштігін Жылыой ауданы мектептерінің құрама командасы қорытындылады. Командалар Дене шынықтыру және спортты дамыту өңірлік орталығының кубоктары және медальдарымен марапатталды.
***
Үлкен жүлде жолында
«Мұнайшы» СК-нде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» қалалық іріктеу турнирі өтті.
Түйе палуан санатында (абсолюттік салмақ санаты) 1-орынды Қайрат Өтеген алды. Сәуірде ол облыстық турнирге қатысады, ал ол жарыстың жеңімпазы республикалық «Қазақстан Барысы» аламанында (бас жүлде – 150 мың доллар) өңіріміздің намысын қорғайтын болады.
***
Дойбы додасы
№34 мектепте оқушылар арасында дойбыдан қала біріншілігінің ақтық сындары өтті.
Финалға қатысушылар 332 оқушы қатысқан алдын ала кезеңде анықталды. Жеңімпаздар мыналар: Мәншүк Жұмантаева мен Ринат Мырзабаев (1-4 сыныптар); Гүлназида Нұрланқызы мен Айбар Құнанбай (5-8 сыныптар); Жұлдыз Елеусін мен Нұртас Әбілғазин (9-11 сыныптар).
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс біріншілігіне қатысатын екі қалалық командаға қосылатын болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ