14 сәуірде Атырау қаласы мәслихатының екінші сессиясы өтті. Жаңа құрамдағы өкілді орган, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту қаражатының көлемі мен жұмсалуын бекіту қағидаларына өзгеріс пен толықтыру енгізу жобасын қарады.
Қалалық қаржы бөлімі қызметкерлерінің хабарлауынша, бұрын мүгедек балаларды үйде оқытуға 2,4 АЕК немесе шамамен 18 мың теңге бөлінген. Енді бұл қаражатты 5 АЕК-ке дейін немесе 2 еседен сәл астам сомаға арттыру ұсынылып отыр. Оның үстіне қалада мұндай бала көп емес – 207.
Олар неге мұқтаж, қанша ақша керек? Осындай сауалмен Атырау қаласының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ депутаттарға осы балалардың барлығын аралап, ата-анасынан не қажет екенін білуді ұсынды. Сонымен қатар, ол мүмкіндігі шектеулі балаларды өздерін қоғамнан шеттетілгендей сезінбеуі үшін мектепте оқытуды ұйымдастыру жоспарымен бөлісті:
– Осы балаларды оқытуға айына қанша керек, айтыңыздар, 100 мың ба? Біз төлейміз.
Атырау қаласының бюджетіндегі өзгерістер туралы жобамен депутаттар алдында Қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айнұр ӨТЕҒАЛИЕВА бөлісті.
– Өткен жылдан бері 445 млн теңге көлемінде қаражат қалдығы шықты. Оны келесідей пайдалануды ұсынамыз: 2022 жылы салына бастаған Тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысын аяқтауға – 80 млн, футбол алаңдарын жөндеуді жалғастыруға – 215 млн, көшелерді жарықтандыру діңгектерін орнатуды жалғастыруға – 150 млн теңге.
Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи өз сөзінде соңғы кездері қала тұрғындарына қаншама қиындық тудырған қамыс өртіне тоқталды:
- Біз үнемі бір кемшілікті қайталай береміз. Өткен жылы 3-4 гектар жер өртенгенде, өрт енді ғана басталып жатқанда, оны тікұшақпен бір-екі рейспен сөндіруге болатын еді, ал біз оны бірнеше күн сөндіру үшін өрт аумағы 80 гектарға дейін көбейгенше «күтіп» қалдық. Сондықтан ТЖ нормативтерін өзгерту қажет. Бізді Ақтөбемен немесе Қостанаймен салыстыруға болмайды – ол жердегі аумақ ашық, ал бізде теңіз жағалауы. Техника батып, ТЖ қызметкерлері техникаларын шығару үшін қанша уақыт пен күш жұмсады. Нормативтерді өзгертіп, тікұшақты дереу жұмылдыру керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ