Атырау, 28 қараша 04:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Заң бұзушылықтар хроникасы

1 732 просмотра

Атырау қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен құрамында есiрткi заттар бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіргені үшін (ҚК-тің 300-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) айыпталған Е. және Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта Е. және Т.-ның үйдің жертөлесінде есірткі затын заңсыз егіп-өсіргені анықталды. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, жедел-іздестіру шараларының нәтижелерімен толық дәлелденді.

Сотталушы Е. кінәсін ішінара мойындады, сотталушы Т. тағылған айыппен келіспеді. Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы Е. және қорғаушылар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрін тағайындауды сұрады. Сотталушы Т. және қорғаушылар ақтау үкімін шығаруды сұрады.

ҚК-тің 300-бабы 2-бөлігінің 1-тармағының санкциясында 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот үкімімен екеуіне 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

* * * * *

Жылыой аудандық сотында бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін (ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 7-тармағы) айыпталған Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта 2022 жылдың 25 қыркүйегінде сағат екілер шамасында ішімдік ішу барысында сотталушы Б.-ның ағасы Е. мен жәбірленуші арасында келіспеушіліктер туындап, арты төбелеске ұласқаны, басқа тұлғалардың араша түскені анықталды. Сотталушының ағасы Е. төбелес орнынан кетіп қалған. Алайда мұнымен бітпей, жарты сағаттан кейін Б. жәбірленушіге қоңырау шалып, оны кездесуге шақырған және өзімен бірге аңшылық қаруын алып шыққан. Оның сол жақ санына ауыр дене жарақатын салып, атып жіберген.

Прокурор сотталушыға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші талаптарының жоқтығын мәлімдеді. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 7-тармағында 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот жаза Б.-ның кінәсін ішінара мойындауын, отбасылық жағдайын, бұрын сотты болмағанын ескеріп, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

* * * * *

Атырауда тас жолдарда жыл басынан бері үй жануарының қатысуымен 32 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың көбі қала сыртындағы тас жолдарда орын алған.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тас жолдарда 22 дерек тіркелсе, облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдарда 10 дерек тіркеліп отыр.

Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі уақытта орын алады. Себебі тәуліктің қараңғы уақытында бір-біріне қарсы жүрген автокөлік жүргізушілері алыс жарық фарын өзіне қарсы жүріп келе жатқан автокөлік әбден жақындағанша өшірмеу салдарынан жүргізушінің көзі фарға шағылысып, жол үстінен өткен малды көрмей соқтығысып жатады. Бұл оқиғада жүргізуші «мал айдау» жол белгісі аумағында мал айдаушы бақташы болған кезде үй жануарын қағатын болса онда кінә жүргізушіге артылады, ал мал айдау жол белгісінен тыс жерде және мал айдаушы болмаған болса онда жауапкершілік үй жануарының иесіне артылады.

Егер жол-көлік оқиғасына көлік жүргізуші кінәлі деп танылса, ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жолданады. Ал, мал иесі кінәлі деп танылса ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бүлінген автокөліктің материалдық шығынын түгел өтейді.

Осы ретте, полицейлер жануарлардың мойнына арнайы жарық қайтарғыш элементтерді тағу жол-көлік оқиғаларының алдын алуына бірден бір себеп екенін ескертеді.

* * * * *

Атыраулық полицейлер 4 жылдан бері із-түссіз жоғалған Өзбекстан азаматын анықтады.

Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері 2019 жылдан бері іздеуде жүрген 48 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады. Шетелдік 2017 жылы жұмыс бабымен Қазақстан аумағына келіп, 2019 жылы аталған азаматтың туыстары хабарсыз кетуіне байланысты Нүкіс қаласының ішкі істер бөліміне арыз тастап, осылайша із-түссіз жоғалғандар қатарында болған.

Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері оған қатысты тиісті құжаттар тізбесін жинақтауда. Қазіргі уақытта ол қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

* * * * *

Атырауда екі көліктің қатысуымен жол апаты орын алды.

Атырау-Дамбы тас жолында маркасы «ВАЗ 2114» автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі жолдың қарама-қарсы бөлігіне шығып, «Газель» көлігіне соқтығысқан. Соққы салдарынан «ВАЗ 2114» жүргізушісі мен жолаушысы әр түрлі дене жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде.

 * * * * *

Атырауда есірткі жарнамасы бар 20-дан астам граффити жойылды.

Қазіргі таңда есірткі сатушылар синтетикалық затты жарнамалау мақсатында сатудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда, бірақ полиция да бос қарап отырған жоқ.

Жақында Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп, рейдтік іс-шара жүргізілді. Оның барысында, есірткі туралы заңсыз жарнамасы бар 20-дан астам граффити жойылды.

Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондықтан полицейлер есірткі заттарының граффити - жарнамасына куә болған адамдардан "102" операторының пультіне немесе Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сенім телефоны (87023180266) арқылы дереу хабарлауды сұрайды.

* * * * *

Атырауда жыл басталғалы көші-қон заңнамасын бұзған 2300-ге жуық дерек анықталған.

2227 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 54-і ел аумағынан шығарылды. Жалпы сомасы 6 млн 437 мың 331 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

* * * * *

Атырауда жыл басынан бері бала жоғалудың 89 дерегі тіркелген.

Бала жоғалу фактісі бойынша 73 ата-ана полиция қызметкерлеріне хабарласса, 6 хабарлама мектеп қызметкерлерінен, 9 хабарлама адасқан балаға бей-жай қарай алмаған азаматтардан түскен.

«Жасөспірім балаңыз уақытында үйге келмеген жағдайда, өз еркіңізбен іздестіру балаларды іздестіру жұмыстарының сәтті аяқталуына өз септігін тигізер еді. Өкінішке орай, көп ата-ана балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасырып келеді», - деп хабарлайды полицейлер.

- Мысалы, жақында тал түсте сабаққа кеткен баласы үйіне оралмағанын ата-анасы тек қана түнгі 01:30 шамасында полицияға хабарлаған. Бұл жағдайда бала табылып, аман-есен ата-анасымен қауышқан болатын, - дейді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев.

Жасөспірім балаларыңыз тәрбиеңізге көнбей, сабақ оқудан бас тартып, үйден ұзақ уақытқа ескертусіз кетуді әдетке айналдырса немесе алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық, т.б. тәуелділік белгілерін байқасаңыз, 8-7122-98-21-31, 98-22-31 телефондары арқылы хабарласа аласыз.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 сәуір 2023, 13:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.