Атырау, 28 қараша 05:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Антикор Жылыой ауданында жер қатынастары саласындағы кемшіліктерге назар аударды

352 просмотра

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жер учаскелерін бизнеске бөлу және олардың қолжетімділігі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізу (желілерге қосылу) жөніндегі мәселелерге сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан ЖАХИН Жылыой ауданының активімен кездесуде талдау барысында аудандық жер комиссиясымен жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініштерді негізсіз қарау фактілеріне тоқталды. Тек 2020-2022 жылдары ғана Жылыой аудандық жер комиссиясы 27 кәсіпкердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертті.

Мұндай тәжірибе тек Жылыой ауданында орын алды. Заң талаптарына сәйкес нысаналы мақсатын өзгерту көзделмеген.

Бұдан басқа, жер учаскелерінің көлемін кеңейтуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленді.

Мысалы, Жылыой ауданы әкімдігінің қаулысымен кәсіпкерге бұрын пайдалануда болған жер учаскесіне қосымша 8,0 га (0,0152 га) заңсыз берілген. Бұл ретте қосымша берілген жер учаскесі негізгі жер учаскесінен 500 есе артық. Сондай-ақ, осы кәсіпкерге берілген жер учаскесі бірнеше бөлікке бөлінген. Бұл өз кезегінде заңға қайшы келеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, талдаумен Жылыой ауданының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғалары Теңіз вахталық кентіндегі жер учаскелерін аукцион арқылы сауда-саттыққа қоймау бөлігінде кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасағаны анықталды.

Айта кетсек, өткен жылы Департамент Жылыой ауданында мектеп салу кезінде орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқыру қаупін белгілеген болатын. Жүргізілген аудиторлық тексерістің қорытындысына сәйкес орындалмаған жөндеу жұмыстарының сомасы 20 260 159 теңгені құрады.

Жұмыс сапары барысында "Бизнеске жол" жобасын іске асыру аясында кәсіпкерлердің қатысуымен диалог алаңы өткізілді.

- Бүгінгі таңда қабылданып жатқан шаралар бизнестің сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттерге қарсы иммунитетін арттыруға алып келуі тиіс. Өз кезегінде әрбір кәсіпкер өз бизнесін адал жүргізіп, оның ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс, - деп атап өтті Нұрлан Жахин.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ӨКҚ суреті

14 сәуір 2023, 15:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.