Облыстық мәслихаттың бір топ депутаты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 және №2-ші орталыққа барып, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Олар алдымен Сарайшық ауылындағы №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда 310 науқас орналастырылған. Оның 120-сы ақыл-ойы терең зақымданған науқас санатында.
Орталық 2000 жылы қолданысқа берілген, қазір ескіріп қалды.
- Орталықта 190 қызметкер бар. Қажет болған жағдайда бір науқасқа бір уақытта бірнеше қызметкер қызмет етеді. Науқастарды қоғамға бейімдеу, еңбекке баулу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Тамақтары да стандартқа сәйкес беріледі. Тамақ сақтау қоймалары қажетті температурадан түспейді. Бәрі бақылауымызда. Бірақ, ескі ғимарат іші жаңа стандартқа сәйкес келмейді. Оның үстіне тозығы жеткен нысанның жаңбыр жауса шатырынан су кетеді. Бұдан бөлек, орталыққа әкімшілік ғимарат қажет. Өйткені, қызметкерлерге бөлмелер жетіспейді. Осы қажеттілігіміз маслихатта қаралса екен дейміз,– деді орталық басшысы Гүлнар ЗИНЕДЕНОВА.
Депутаттар ғимараттың күрделі жөндеу жұмысына қаржы қаралатынын айтты.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған №2 Арнаулы қызмет көрсету орталығы барлық стандартқа сай жасақталған.
- Орталықтан психоневрологиялық ауытқуы бар 3-18 жас аралығындағы 73 бала қызмет алады. Олармен арнайы мамандар жұмыс жасайды. Қажетті дәрігерлер де жеткілікті. Жергілікті мұнай компаниялары мен кәсіпорындардың және еріктілердің демеушілігімен сенсорлық бөлме, ойын алаңы, жылыжай, қышпен жұмыс жасау бөлмесі, тігін шеберханасы, ойын бөлмелері жасақталды. Енді өздеріңіз білесіздер, науқас балалардың иммунитеті төмен болады. Осыны ескеріп, тұз шахтасын орнатып берулеріңізді сұраймыз,– деді орталық басшысы Анар КАЮПОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер