АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп, Ресейді Украинаға қарсы соғыста тікелей және жанама қолдаған компаниялар мен тұлғаларға қосымша санкция салды. Олардың ішінде Ресей олигархтарынан бөлек, Қытайдың және Түркияның кәсіпорындары да бар.
Ақ үй Мәскеумен тым жақын байланыс орнатқан Венгрияға да ескерту жасады.
АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған жаңа тізімге әлемнің 20 елінің 120 заңды және жеке тұлғалары енген. Олар Ресейге Украинадағы соғысқа байланысты енгізілген санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп айыпталып отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Қара тізімге іліккен шетелдік ұйымдардың ішінде Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері мен Өзбекстанның кәсіпорындары бар. Мәселен, қытайлық компанияның Украина қаласы Бахмутты басып алуға жанталасып жатқан Вагнер жеке әскери ұйымына спутниктік суреттер беріп келгені анықталған. Бұдан бөлек, Будапештегі Ресейге тиесілі Халықаралық инвестициялық банктің үш жоғарғы лауазымды тұлғасына санкция салынды. Былтыр өзге елдер бұл банктің жұмысын тоқтатқанымен Мажарстан үкіметі ешқандай шара қолданбаған еді. Керісінше оларға мейлінше қолдау көрсетіп келсе керек.
"Венгрия жүрегінде Кремльдің күмәнді банкі болуы және оған қатысты жеке тұлғалардың дипломатиялық паспорттар алуы НАТО-дағы одақтастарының қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіреді. АҚШ Венгрияның әрекетіне жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтынын ескертеміз және Ресей мен санкцияға іліккен Ресей тұлғаларының халықаралық қаржы жүйесін пайдалануына жол бермейміз."Дэвид Прессман, АҚШ-тың Венгриядағы елшісі
Ресейдің «Росатом» корпорациясымен байланысты бірқатар тұлғаларға да санкциялар енгізілді. Себебі Ақ үйдің айтуынша, Ресей газ секілді ядролық отын экспортын да әлем елдеріне саяси және экономикалық қысым көрсету үшін пайдаланып келеді. АҚШ санкциясына көрші елдің ең бай олигархтардың бірі Әлішер Усмановқа қарасты компаниялар кіретін USM холдингі де ілікті. Олардың қатарында Ресейдің ең ірі темір рудасын өндіруші «Металлоинвест» пен ең ірі телекоммуникация операторларының бірі «МегаФон» компаниясы бар. Осылайша, батыс санкциялары алғаш рет ресейлік телекоммуникация инфрақұрылымын қыспаққа ала бастады.