15 сәуірден бастап ел аумағында «Киік-2023» акциясы өтеді. Аталған шара аясында киіктерді заңсыз аулау фактілерін анықтау және алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мереке ШАЛҚАРОВ баспасөз брифингінде мәлім етті.
Республикалық акция жылына екі рет жүргізіледі. Киіктердің шағылысу кезеңінде - 1-31 желтоқсан және олардың төлдеу кезеңі - 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында.
- Облыста 15 сәуірде дәстүрлі акция басталады. ҚР Экология министрлігі және Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағаларымен біріккен бұйрық пен жоспар жасақталды. Бұл акция тәуелсіздік алған жылдардан бастап өтіп келеді. Ал статистикаға жүгінсек жыл сайын киіктің өсуі байқалады. Сондай-ақ оларды заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, өткізу, тасымалдау сынды заңсыздықтар да тіркеледі. Міне, біз осы акция аясында заңсыздықтардың алдын-алып, киелі жануардың азаюына жол бермеуге жұмыстанамыз,- деді М.Шалқаров.
Айта кетейік, өткен жылы республика көлемінде өткен «Киік-2022» акциясы аясындағы санақ кезінде 1 млн 300 мыңнан астам киік жануары тіркелген. Оның басым көпшілігі, яғни 800 мыңнан астамы Оралда, 28 мың басы Үстіртте, қалғаны Бетпақдала аумағында мекендейді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА