Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «ТШО» компаниясы арасындағы келісім-шарт негізінде жұмыссыз азаматтарды арнайы мамандықтар бойынша даярлау курсының тоғызыншы легі басталды. 800-ге жуық атыраулық 5 мамандық бойынша тегін оқу курсына жолданады. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Еркебұлан ӘБІЛҚАСЫМОВ мәлім етті.
- Өзгерістер де бар. Осыған дейін екі жақты келісім негізінде жыл сайын 1 000 адам 11 мамандық бойынша оқуға жолданып келді. Биылдан бастап, оқу бағдарламасынан сұранысы жоқ мамандықтар алынып тасталды. Енді жұмыссыздар тек бес мамандық бойынша білім алады. Олар электромонтаждаушы, құбыр монтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика бойынша монтаждаушы, металл конеструкцияларды дәнекерлеуші мамандықтары,- деді Е.Әбілқасымов.
Айта кетейік, облыста жыл басынан бері бес мамандық бойынша 270 жұмыссыз оқытылған. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 700-ден асады деп күтілуде.
Оның айтуынша, жыл сайын «ТШО» компаниясымен бірлескен қысқа мерзімді оқу курстарын аяқтағандардың 70 пайызы жұмыспен қамтылады екен.
- Бүгінде 270 адам «АРЕС Реtrotechnic» колледжі мен «АРЕС» және «Ақтау тренинг» орталықтарында білім алып жатыр. Бұл оқу кешендері жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуға өте ыңғайлы. Тәжірибе жүзінде барлық қажетті жабдықтар бар, - деді Е.Әбілқасымов.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер