Индер ауданының орталығы Индербор кентінде баспана салу үшін жер қалмады. 2017-2019 жылдары «Болашақ» мөлтек ауданынан 80 адамға жер берілгеннен кейін тоқтап тұр. Ал 4670 адамның арызы қанағаттандырылмастан жатыр. Өтініш берушілер «Енді жер қайдан беріледі, біз қашанға дейін күтеміз» дейді.
2010 жылы Индербор кентінің бас жоспары бекітілді. Одан бері бас жоспар толықтай орындалған. Осы Бас жоспарда көрсетілгендей, кенттің өсу бағыты Жайық өзенінің оң жағалауы Аққала ауылы бетіне егжей-тегжейлі жобасы жасақталып, бүгінгі күнде инженерлік-инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.
Бұл жұмыстар қалай жүргізіліп, қашан бітеді деген сауалымызға аудандық әкімдік нақты ақпарын жолдаған болатын.
Су жүйесін жүргізу құрылысы 2021 жылдың 29 наурызында 2022 жылдың 29 қыркүйегінде (мердігер - «Байсын-А» ЖШС) бітуі тиіс еді. Алайда үлгере алмады. Өткен жылдың қазан айында тапсырысшы - аудандық құрылыс бөлімі «Байсын-А» ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде экономикалық сотқа берген еді. Бірақ сот процесінде құрылыс жұмысының 95 пайызы орындалып тұрғандығы ескеріліп, тапсырысшының арызы қанаттандырылмады. Бүгінде 63 км болатын су жүйесі толық тартылып, нысанды қабылдап алу процесі жүруде.
Газ жүйесін жүргізуге қазынада 273 млн теңге бөлініп «Газстрой» ЖШС жұмысын атқаруы тиіс болды. Құрылыс жұмысы 2022 жылдың 23 қарашасында басталып, 2023 жылдың 23 сәуірінде аяқталуы тиіс болатын. Алайда ауа райының күрт суып кетуіне байланысты қаңтар, ақпан, наурыз айларында жұмыс толықтай тоқтатылды. Сол себептен құрылыс жұмысының аяқталу мерзімі осы жылдың 23 шілдесіне дейін деп кейінге ысырылды. Күні бүгінде нысан жұмысы 36 пайызға ғана орындалып тұр.
Электрмен қамту жүйесі бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын «СтройПроектИнвентаризация» ЖШС жасап, сараптамаға жолданды. Сараптамадан оң қорытынды алынғаннан кейін құрылыс жұмысына қаржы сұратылып, мердігер мекемені анықтау үшін конкурс өткізілмекші.
Индер ауданы әкімдігі алдағы уақытта облыстық құрылыс және қалақұрылысы басқармасының тапсырысымен Индербор кентінің бас жоспарына өзгерістер енгізіп, басқа да алаңдар дайындау қаралатынын мәлімдеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор