Атырау, 23 қараша 22:59
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қырым татарларының қайғылы тағдыры алаңдатарлық

849 просмотра

Фото: yandex.kz

Ресей бұл автономияның халқын емес, жерін құнды көріп отырғанға ұқсайды, деп жазады Іnbusiness.kz.

Украина Президенті Владимир Зеленский өз халқына Қырымды қайтаруға бірнеше рет уәде берді. Келесі 2024 жылғы 31 наурызда бұл елде кезекті Президент сайлауы өтуге тиіс. Халықаралық сарапшылардың байламынша, егер Зе мырза сонда басты кандидат, фаворит болғысы келсе, онда ең бастысы осы уәдесін орындауы шарт. Әйтпесе, тек былтырғы 24 ақпаннан бері жау басып алған аумақтарды азат етумен шектелсе, онда ол саясаттану тілімен айтқанда, "соғыс уақытындағы лидер" ғана болып қалуы ғажап емес.

Кезінде Зеленскийді "квншы", комик деп, салмақты қабылдамаған Кремль енді оның бірбеткей, батыл, табанды, ең бастысы қиыннан қиыстырып жол таба білетін жасампаз көшбасшы екенін түсінді. Тиісінше, Мәскеу оның Қырымды қайтарып алуға да күші жететінінен қорқа бастады. Бұл туралы The Washington Post жазып отыр.

Қырым қалай қайтарылуы мүмкін?

Беделді басылымның бір топ сарапшысы әр жылдағы жерсеріктік түсірілімдерді салыстыра келе, Ресейдің бұл түбекті күрделі қорғаныс бекіністері мен терең траншеяларға толтырып жатқанын анықтады.

Салдарынан биыл Қырым жазғы курорттық маусымнан қағылғалы тұр. Жергілікті тұрғындар бұрын туристер шүпірлеп жататын теңіз жағалаулары бүгінде қаңырап бос тұрғанын, себебі жағалауларда окоптар жаппай қазылып тасталғанын фото, видеоға түсіріп, әлеужеліде таратып жатыр. Мұндай масқара Украина құрамындағы Қырым автономиялы республикасын РФ аннексиялаған 2014 жылдан бері де болып көрмепті.

Зерттеуге қатысқан саяси шолушылар Адам Тейлор, Юлия Ледур, Франческа Эбель және Мария Ильюшинаның байламынша, РФ әскері құрлық және теңіз жақтан қаптап келуі мүмкін украиналық әскерді жойқын соққымен қарсы алып, өліспей беріспеуге бекінгенге ұқсайды.

"Бірнеше аптаға созылған қазу жұмыстары нәтижесінде Қырымды құрлық арқылы Украинаға қосып жатқан өзекшедегі шағын ғана Медведовка қаласының айналасы саналуан, күрделі траншеялар жүйесімен толық қамтылды. Окоптар "Т" тәріздес түзілген, бұл солдаттарға маневр жасауға, неғұрлым алысқа атуға мүмкіндік береді. Оның алдында басқа да бекіністер, танктер мен ауыр техникалар батып қалатын үлкен орлар қазылған. Одан бұрын құжынатып, үш қатардан тұратын, "айдаһар тістері" аталатын пирамидалар орнатылған. Оны әскер ғылымы тілінде танкке қарсы пирамидальды блокираторлар (ТПБ) деп атайды. Украинамен жалғастыратын жерлер, теңіз жағалаулары, өзге елді мекендер де миналанған", – деп сипаттады Адам Тейлор.

Бұл ақпаратты "Maxar" ғарыш технологиялары компаниясы Уашингтон постқа ұсынған жерсеріктік түсірілімдер де растайды.

Әскери сарапшы Ян Матвеевтің пікірінше, мұның бәрі Ресейдің таяу арада Қырым үшін қиян-кескі соғыс жүргізуге тура келетінінін ұғынғанын паш етеді. Әйтпесе, бұрын Кремль Ресей құрамына қосылған соң Қырым автономиясының қалай "гүлденгенін" көрсетуге бейім тұратын.

Қазіргі кезде РФ Қырым республикасын сауытты соғыс техникасына, әсіресе, танктерге толтыруда. The Washington Post жариялаған ғарыштық түсірілімдерден артиллерия, ірі қару-жарақ қоймаларын, әуе шабуылымен күресетін қорғаныс құралдарын, зымыран кешендерін де байқауға болады.

Қырымның өз құрамында болуы Ресей үшін тек ұлттық мақтаныш қана емес, сонымен қатар стратегиялық маңызды іс. Себебі онда Черномор флоты орналасқан. 1991 жылы Қырымның ары қарай Украина құрамында қала беруіне келіскен Мәскеу сонда Севастопольде орын тепкен өз флотын сақтап қалуға қол жеткізді. Екі ел осы мақсатта Қырым порттарын Ресейге жалға беру жөнінде ұзақ мерзімді келісім бекітті. 2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін бұл халықаралық құжаттың күшін Ресейдің өзі біржақты түрде бұза салды. Ендеше, сарапшылардың айтуынша, егер Украина Қырымды қайтарса, РФ Черномор флотының онда тұруы заңсыз болады: келісімді Мәскеудің өзі жойды ғой.

Кремльдің оған таскенедей жабысуының бір себебі де осы болса керек. Жерсеріктік фотосуреттерге үңілген америкалық сарапшылар көптеген шақырымға созылған траншеялар мен бекіністердің небәрі бірнеше аптада, биылғы 27 ақпаннан бері "өсіп" шыға келгеніне назар аудартады. Мәскеу окоп қазуға солдаттарды ғана емес, бейбіт тұрғындарды да жалдап, жұмылдырды. Ресейлік әлеуметтік желілер мен мессенджерлер траншея жабдықтаумен айналысатын құрылысшыларды Қырымға шақырып, күніне 6,5 мың рубльге (90 доллар) дейін еңбекақы төлеуге уәде етті. Егер Ресейде ең төменгі айлық (!) жалақы 2023 жылы небәрі 16 242 рубльді құрайтынын ескерсек, осыдан-ақ Мәскеудің бұл соғысқа қаржыны аямай төгіп жатқанын аңғаруға болады.  

Бұдан бөлек РФ қоймаларында сонау кеңес заманынан бері қажетсіз болып, тот басып жатқан БТМ-3 жылдамдықты траншеяқазғыштарды жаппай жарыққа алып шықты: олар тіпті жерді тоң басып жатса да, сағатына 400 текше метр окоп қазады. АҚШ армиясы 1980 жылғы ішкі есебінде дәл осы машинаға тәнті болып, мұндай механизм Америкада да, Еуропада да, Жапонияда да жоқтығын жазғаны бар. БТМ-3 тек тура ғана емес, сондай-ақ ирелең-зигзаг немесе қисық желілі траншеяларды тез қаза алады. Окоптың тереңдігін де реттеу қарастырылған.  

Яғни, РФ Украина армиясының ықтимал қарсы шабуылына жанталаса әзірленуде. Ол былтыр кеудесін кере жаһанға жар салған ғаламат шабуылын ұмытып, қорғанысқа көше бастады. Мәселен, Қырымның батыс жағалауындағы Витино қаласын да алынбас қамалға айналдыруға күш салып жатыр. Бұл РФ әскерінің ЗСУ теңізден де десант түсіреді деп қорқатынынан хабар береді. Оны тіпті Украинада бүгінде әскери теңіз флоты, ірі әскери кемелері қалмағаны да тоқтата алмапты. 

Батыс, Ресей және Украина әскери сарапшылары Қырым мәселесі бейбіт шешілмей, ол үшін қырғын басталса, арты қиын болатынын қаперге салады. Оның географиясы Украинаға да, Ресейге де тауқымет әкелуі мүмкін. Егер ЗСУ Қырым (Керчь) көпірін талқандаса және Мариуполь мен Мелитополь жақтан құрлық арқылы келетін тасымал жолдарын жауып тастаса, онда автономиялы республикадағы РФ әскері оперативті қоршауда қалады. Содан не беріледі, не жойылып бітеді.

Бірақ Қырым құрлықта Украинамен тар қылтамен, батпақты өтпемен ғана қосылған. Оның өне-бойын Ресей ну ормандай бекініспен тығындап тастады. Одан өтемін дегенше, әскер босқа қырылып қалуы да ықтимал.

Сонымен бірге Украина әскері Қырым республикасы аумағының үлкен бөлігіне әуеден шабуыл жасай алатынын бірнеше рет паш етті. Бірақ артиллерия мен дрондар жойған арсеналды РФ жандәрмен, жылдам толықтырып отыр. Теңізден шабуылдауға украиналық флоттың дәрмені жетпейді. Ал құрлық арқылы шабуыл онсыз да саны жөнінен аз украиналық армияға қауіпті.  

CNA әскери аналитигі Майкл Кофманның байламынша, Украина Қырымды бұрынғы соғыстардағы сияқты көнерген тәсілмен шабуылдамайды. Киев Қырым аумағына үстемелете соққы беру арқылы ондағы РФ әскерін біртіндеп тоз-тоз ету статегиясын ұстануы мүмкін. Бірақ ол үшін Қырым көпіріне қашықтан соққы беретін алысқа ұшатын зымырандар қажет болады. Ал Батыс болса, ядролық соғыстан үркіп, ондай зымырандарын бермей отыр.

Бірақ осы аптада РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу АҚШ Киевке 300 шақырымға дейін ұшатын ATACMS оперативтік-тактикалық зымырандарын және F-16 жойғыш ұшақтарын беруді қарастырып жатыр деп, байбалам салды. Өз кезегінде Пентагон қашыққа ұшатын зымырандарды бермеу туралы "Вашингтон саяси шешім" қабылдағанын мәлімдеді. Қай жақтың шындықты айтқанын майдан даласындағы көрініс көрсетсе керек.

Қырым татарларының жағдайы қалай?

Жергілікті журналист Анна Константинова қырымдықтардың екіге жарылғанын айтады: бір бөлігі түбектің Украинаға қайтқанын армандап, сол күнді асыға күтіп жүр. Екінші бөлігі солардың әр басқан ізін аңдып, құзырлы органдарға олардың үстінен тоқтаусыз домалақ арыз домалатуда.

Анна Қырымдағы Украинаның ең берік жақтаушылары – Қырым татарлары екенін айтады. Олар бастарын бәйгеге тігіп, Мәскеуге қарсылығын түрлі қалыпта жалғастыруда екен.

"2014 жылы РФ Парламентінегі Қырымға арнаған атақты сөзінде Владимир Путин Қырым татарларын қуғын-сүргінге салып, аяусыз қудалаған сталиндік репрессиялардың әділетсіздігін тілге тиек етті. Ресей басшысы "Қырым татарларының құқықтарын, абыройын, асыл есімін толық көлемде қалпына келтіретін шешімдер қабылдайтынына, Қырым татарлары халқын реабилитациялау процесін аяқтайтын саяси, заңнамалық түбегейлі қадамдар жасалатынына" уәде етті. Алайда аннексиядан соң бірден ресейлік күш құрылымдары қырымтатарлық ұлт өкілдеріне қарсы кең ауқымды қудалауды өрістетті. Оларды қит етсе, радикалды "Хизб ут-Тахрирға" (Қазақстанда тыйым салынған) мүшесің деп айыптай салады. Симферопольда осылай жала жабылып, сотталып жатқан жерлестеріне қолдау білдіріп, көшеге шыққандар арасынан ондаған адамды ұстап әкетті", – дейді Анна Константинова "Новая газета. Европа" басылымындағы мақаласында.

Украиналық құқық қорғаушы "Крым SOS" қозғалысының дерегінше, Қырымды РФ оккупациялаған 9 жылда кем дегенде 101 қырымдық "Хизб ут-Тахрир ісімен" қудаланған. Бұдан бөлек Украина пайдасына тыңшылық жасады деген айыппен сотталғандар да жетерлік.

"2013 жылдың соңында Қырым татарлары РФ елшілігі алдында ауқымды наразылық акциясын өткізіп, Ресей аумағында мұсылмандардың қудаланатынына қарсылықтарын білдірді. Келесі 2014 жылы Қырымды РФ басып алған соң, қуғын-сүргін Қырымға келіп жетті. Ресейлік күш құрылымдары сол акцияға қатысқандарға бірінші кезекте соққы берді. Бұл жерде Қырым татарлары негізінен діни сенімдері үшін емес, ресейлік билікке қарсы белсенді ұстанымы үшін қудаланып жатыр. Ресей Қырымды өз қолына көшірген соң, барлық тәуелсіз қырымтатарлық ақпарат құралдарын жауып тастады. Тек кремлшілдері ғана қалды", – деді журналист Анна Константинова.

Оның дерегінше, Қырым татарлары біртұтас болу үшін "Қырым ынтымақтастығы" ("Крымская солидарность") медиа тобына бірігіп жатыр. Оның аясында адвокаттар, құқық қорғаушылар ұсталғандарға тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Ал журналистер сұхбат алып, зерттеу жүргізіп, ғаламторда, әлеуметтік желіде, телеграм-арналарда қоғамдық пікірден толқу көтереді. Барлығы ұсталғандардың ақталып шығуына күш салады. Ресейлік пропаганданың сөзін жоққа шығарып, автономияда шындықтың таралуына ықпал етеді.

Бірақ әрине, мемлекеттік алып репрессивті машинаға қарсы тұру күрделі.

2022 жылғы мобилизация кезінде РФ билігі Қырым татарларының тепсе темір үзетін азаматтарын соғысқа көптеп алуға тырысты. Бұған қарсылық ретінде жергілікті көптеген ер адам Түркияға, Орталық Азияға ауды. Құқық қорғаушылар майдан даласына аттанудан оларды аман алып қалу үшін түрлі гайдтар, арнайы алгоритмдер әзірледі. Шетелге кете алмайтындарын Қырым территориясының өзге қалаларындағы тұрғындар өз баспаналарында жасырды. Себебі, әскерге алынатын адамды тұрғылықты жерінен іздейтіні мәлім.

"Меджлис" ұйымының дерегінше, мобилизация кезінде кем дегенде 10 мыңнан астам қырымтатарлық азамат жатжұрттарға басын ала қашып, паналауға мәжбүр болыпты. Бірақ ауып кеткендердің нақты саны белгісіз.

7 сәуір 2023, 09:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.