Индер ауданындағы көршілес отырған Есбол және Өрлік ауылдарының 30 шақты тұрғыны мал өрісінің тарылып бара жатқаны жөнінде өз наразылығын білдірді. Сонымен қатар, олар Өрлік округіне қарасты жерден егін екпек болған «Слава» ШҚ жұмысын тоқтатып тастады.
«Слава» ШҚ 2014 жылдан бері Есбол ауылы аумағына егін егіп келеді. Биыл шаруа қожалығы Бағырлай каналы бойынан тың жерге егін екпек болып, жер жырту және қоршау жұмыстарын бастап та кеткен болатын. Жергілікті тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы.
- Жергілікті әкімшілік тұрғындармен ақылдаспастан, кез-келген жерді беруде. Кезінде бұл туралы ескерткенімізде, «Кім егін егем десе де жер беріледі. Қазақстан азаматы болса болды, қайдан келеді, ексін, бұған қарсылық білдіруге қақымыз жоқ» деген жауаппен құтылған еді. Ауылдар малмен күнелтуде, табыс көзі де, күнкөріс көзі де сол, - дейді шағымданған тұрғындар. - Бірақ малдың өрісі тарылып бара жатыр. Оның үстіне, егін егеді де орнын тазартпай, бүлдіріп кетуде. Әр егіншіден жауапкершілік сұралуы тиіс қой.
Бұл дау-дамайға аудандық әкімшілік араласып, бір келісімге келгендей болыпты.
- Аталған жайға байланысты «Слава» ШҚ өкілдерімен және тұрғындармен кездесу өткізілді. Мәселе жан-жақты қаралып, ауыл азаматтарының ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері тыңдалды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ. - Аудандағы мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын ескере отырып, «Слава» ШҚ-на басқа аумақтан егістікке жер қарастырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оңтайлы шешім қабылданды. Өрлік округіндегі жұмысы тоқтатылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Тұрғындар жолдаған суреттер