Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ сала басшыларымен бірге Индер ауданы Есбол ауылында болды. Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуде ауданды дамытудың біраз жайттары қамтылды.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Есбол ауылы - тарихи естелігі мол ең ірі елді мекен. Бүгінде округте Ынтымақ, Қайсағали елді мекендерін қосқанда жалпы халық саны бес мыңнан астам адам.
Тұрғындар ауыл тазалығына қажетті жалғыз техника бұдан сегіз жыл бұрын алынғанын, арасында істен шығып қалатынын, сол себептен қосымша техника қажеттігін, жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы газбен жүретін көліктер үшін арнайы бекет қажеттігін, көше жарығы жүріп жатқанымен сапасына мән берілмей, қадағалаусыз қалғаны жөнінде айтты.
- Тұрғызылып жатқан бағаналар әлсіз әрі сапасыз, біздің ойымызша, жұмыс қалай болса, солай жасалып жатыр, - деді тұрғын Бағытжан ИМАНҒАЛИЕВ.
- ...Осы ауыл төңірегінен «Слава» ШҚ бірнеше гектар жер алып, егін егуде. Ауылдың малы үшін өріс тарылып барады. Бұлары ештеңе емес, егін еккенімен қоймай, жерді бүлдіріп болды. Неге пайдаланған жерді рекультивация жасамайды? Ертең ол жерлер жарамсыз болса қайтпекпіз? - дейді тұрғындар наразы болып.
«ДӘРІГЕРЛЕР ОСЫНДА ТҰРЫП, ЖҰМЫС ІСТЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ»
- ...Бұдан бұрын да айтылып келе жатыр, ауылдан амбулатория салынады деп. Неге екені белгісіз құрылысы кейінге қалып келеді. Халық саны күннен-күнге көбейіп жатыр, ал амбулаторияға тиесілі жедел жәрдем көлік мәселесі шешілмеген. Бары әбден тозығы жеткен, тіпті олар қырға, алыс қыстақтарға баруға жарамайды, істен шығып жатады, - деді зейнеткер Ажар СҰЛТАНҒАЛИЕВА.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, амбулатория ғимараты 1965 жылы салынып, апатты жағдайға жеткен. Кейін 1980 жылдары қосымша ғимарат салынғанымен ескіріп тұр. Билік тағы да уәде беріп отыр: жаңа ғимарат салу жөнінде сметалық құжаты жасақталып, 2024 жылы құрылысы басталмақ. Жалпы ауданда салалық дәрігерлер жетіспейді, кадрдың тапшылығынан халық облыс орталығы мен көршілес облыстарға баруға мәжбүр.
- Біз болашақ дәрігер мамандығына баратындарға облыс тарапынан грантты көптеп бөлу арқылы қиындықтан шығатын боламыз. Жас мамандар баспанамен қамтылады. Бірақ сол дәрігер мамандарының кейбірі грант ақшасын кері төлеп, ауылға келмей жатқандары да бар... Оларды байлап қоя алмаймыз. Ал жуырда облысқа бірнеше жедел жәрдем көлігі бөлінбекші, сол себептен бұл ауылдағы проблема шешіледі, - дейді облыс әкімі С. Шәпкенов.
МЕКТЕП ҚАШАН БІТЕДІ?
Ауылдың сиқын бұзып тұрған ғимараттар баршылық және олар орталықта орналасқан. Жеке кәсіпкердің иелігінде болғанымен иесіздік қамытын киген. Олар кезінде «Правда» совхозынан қалған кеңсе және көлік тұрағы. Кеңсенің терезелері шағылып сынып жатса, тіпті шатыры тесіліп, ішке құлаған, әбден тозып ыдырап, құлауға жақын тұр. Облыс әкімі жеке кәсіпкермен өзара келісімге келу арқылы мәселені шешуді тапсырды.
Ауылда үш мектеп бар. Оның бірі 1937 жылы салынған. 2021 жылы 320 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. 1 млрд 445 млн теңгеге бағаланған мектеп құрылысын «ОңдасынСтрой» ЖШС жүргізуде.
- Мектеп құрылысы тамыз айында аяқталып, 1 қыркүйекте оқушылар жаңа мектепке кіруі тиіс деп жоспарлап отырмыз. Мен өзім құрылысын қарап шықтым, жаңа оқу жылына үлгеру үшін жұмысшылар санын көбейтуге тапсырма бердім. Егер жұмыс жасаймын дегендер болса, бірінші кезекте жұмысқа алынады. Екінші, мектеп құрылысының сапасына қатысты бір-екі ұсынысымды бердім. Технадзормен де сөйлестім, біз қоғам болып, құрылысты өзіміз бақылауымыз керек, - деді С. Шәпкенов.
Учаске басшысы Арман ҚАЙЫРЖАНОВ:
- Бүгінде екінші қабаттың кірпіші қаланып, ішкі бөлігінің сылақтары жасалып жатыр. Мектеп құрылысы бұдан екі жыл бұрын қолға алынғанымен коронавирусқа байланысты, әрі қыста жұмыс жүргізу мүмкін болмағандықтан тұрып қалғанын жасыра алмаймыз... Келісім шартқа өзгерістер енгізілді. Енді ғимарат төбесін шатырға ауыстыруымыз мүмкін. Жұмысшылар санын көбейтуге жұмыстанып жатырмыз. Жалпы құрылыс жұмысының 45 пайызы атқарылып тұр.
- Жұмысты бес айда бітіру мүмкін бе?
- Материал уақытылы жеткізіліп, жұмысшы санын көбейтсек, бұйыртса, тамыз ортасында нысан жұмысы уақтылы бітеді деп отырмыз. Оған компанияның толық мүмкіндігі бар.
С. Шәпкенов Есбол ауылында бірнеше жобаны: жасыл желектерге арналған қоршау жұмыстарын жүргізу және балалар ойын алаңын салу үшін облыстық бюджеттен 60 млн теңге бөлінетінін атап айтты. «Индер ауданының әкімі Д. Шамұратов балабақша және амбулатория құрылысының мәселесін жеделдету жөнінде ұсынысты алға тартып отыр. Бұл екеуі де керек зат. Бала мен адам денсаулығы басты кезекте орын алуы тиіс», - деді С. Шәпкенов кездесуді түйіндеп.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған және автор түсірген суреттер