Қала маңындағы Құрсай елді мекенінде қамыс өртеніп, 20 отбасы зардап шекті. Тілсіз жау сол маңайдағы үйлердің аулаларына дейін жетіп, тұрғындардың сарайы, жылыжайы, енді бірінің жинаған мүлкі мен құрылыс материалдары, жеміс ағаштары өртке оранған.
Мөлдір ДҮЙСЕКЕНОВА, Құрсай ауылының тұрғыны:
- Ауламды алып жатқан жылыжайым, оның ішіндегі пеш, түгел құрал-жабдықтарымен бірге күл болып жанып кетті. Өрт сөндірушілер бір сағатсыз келіп болмады. Олар келгенше өзіміз бақша суаратын насостарды қосып, көршілермен бірге сөндіруге көштік. Жылыжайым сапалы әйнектен салынған еді, одан бөлек аулада жинап қойған құрылыс материалдарымыздың бәрі күлге айналды... Бұл жағдай түнде болғанда немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Тұрғындар Перетаска каналының бойында қамыс жыл сайын жанатынын айтады. Құрсай ауылының қалаға қосылғанына біраз жыл болғанымен, халыққа тиісті ешқандай жағдай жасалмағанын алға тартады. Ал құтқарушылардың машиналары өрт болған жерге жете алмайды.
- Жыл сайын осындай өрттен түтінге тұншығып, «өрт ауламызға кіріп кетпесе екен», деп жанымызды шүберекке түйіп, құжаттарымызды жинап отырамыз.
...Кеше жел қатты болып, өрт ауламызға ұшып түсіп, жиған-терген мүлкімізді шарпып кетті. Бұл жер каналдың айналасы болған соң қамыс өспей тұрмайды. Қамыс қаптап жатқанын әкімдік білмей отырған жоқ, біледі. Ең болмаса, жыл сайын қамысты шауып, өрт сөндірушілер өтетін жол салып берсе. Шыны керек, осы көшенің тұрғындары жетім қыздың күйін кешіп отырмыз. Жол түгіл көшеде жарық та жоқ, балалар ойнайтын алаң да жоқ,- дейді Құрсай тұрғыны Ғалия ИМАНАЛИЕВА.
Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, Құрсай елді мекеніндегі өртті сөндіруге 53 құтқарушы мен 12 техника жұмылдырылған. Үйлерден бөлек қамыстың өрті саяжайларға ұласып, барлығы 1,5 гектар жер отқа оранған.
Қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты былай деп түсіндірді:
- Перетаска каналының айналасындағы қамысты шабу біздің құзырымызға кірмейді. Канал бойындағы Сары ата Досмұханбетұлы көшесін жарықтандыру жұмыстары биылғы жылдың жоспарында тұр. Қыркүйек айында жұмыстар басталады. Алдағы уақытта қалалық сәулет және қала құрылысы мекемесі арқылы арнайы жер белгілеп, ойын алаңын салу да қарастырылған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор