Атырау, 28 қараша 06:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Серік Шәпкенов Астрахан облысының губернаторымен кездесті

Сурет
946 просмотра

Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ пен Астрахан облысының губернаторы Игорь БАБУШКИН сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайту жөніндегі құжатқа қол қойды. 

Астрахан облысының делегация өкілдерімен кездесу кезінде С. Шәпкенов екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Аймақ басшысы өңіраралық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.

- Екі облыс арасында көп жылдан бері сауда-экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, табиғатты қорғау салаларында және өзге де бағыттар бойынша тұрақты және табысты ынтымақтастық жолға қойылған. Ортақ мәселелерді бірлесіп шешу үшін өңіраралық қатынасты одан әрі нығайту қажет. Сондықтан серіктестікті дамыту мақсатында үш жылдық жоспарға қол қоюға ниеттіміз, - деді С.Шәпкенов.

Өз кезегінде Игорь Бабушкин арадағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтті.

- Серік Жамбылұлы, өзіңіз атап өткендей бізді әртүрлі саладағы қатынастар байланыстырады.  Екі күннен бері Астрахан облысының делегациясы атыраулық әріптестерімен бірге арадағы ынтымақтастыққа өзгерістер енгізу мүмкіндігін талқылады. Өзіңіз атап өткендей, ауылшарушылығы саласында орнаған көп жылғы қатынас та жемісін беріп келеді. Осыған орай, ауылшаруашылық өнімдерімен алмасу көрсеткіштерін арттыруды ойлап отырмыз. Біз атыраулық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді Астрахан облысындағы жәрмеңкеге қатысуға шақырамыз. Бұдан басқа екі қала арасындағы тікелей әуе қатынасын жандандыруға ықпал етуіңізді сұраймын,   -деді И.Бабушкин.

Кездесу барысында білім беру, медицина, кадр даярлау салаларында ынтымақтастықты арттыру секілді мәселелер мен Еділ және Жайық өзендеріне қатысты сұрақтар талқыланды.

Шәпкенов пен Игорь Бабушкин «2023-2026 жылдарға арналған Астрахан облысы (Ресей Федерациясы) мен Атырау облысы (Қазақстан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары» туралы құжатқа қол қойды.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВ пен Астрахан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қорының бас директоры Ирина АЗАРОВА ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ «Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Астрахан сауда-өнеркәсіп палатасы» Одағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойылды.

2023 жылдың қаңтар айында Атырау облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 29,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт - 6,2 млн АҚШ доллары, импорт - 23,5 млн АҚШ доллары.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Облыс әкімінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер

3 сәуір 2023, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.