Атырау облысыныі әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Махамбет ауданына барды. Сапар барысында Бейбарыс ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен Талдыкөл ауылындағы кіре беріс жолдың жағдайымен танысты. Жолдың ұзындығы - 7 шақырым. 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде жолдың сапасы сын көтермейді. Асфальт ойылып, көліктердің жүруіне мүмкіндігі жоқ. Жол жөндеу жұмыстары үшін өткен жылы аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, 2022 жылдың қыркүйегінде сараптама қорытындысы алынды.
Сонымен қатар облыс әкімі Талдыкөл және Бейбарыс ауылдарындағы Жайық өзені жағасындағы су басу қаупі бар учаскелермен танысты. Талдыкөл ауылына жергілікті бюджеттен «Шұғыл шығындар» бағдарламасы арқылы қаржы бөлініп, мердігер анықталып, осы жылдың наурыз айында өз жұмысын бастап кетті. Жағалау ұзындығы - 1,5 шақырым. Жұмысты сәуір айында аяқтау жоспарланған. С. Шәпкенов Жайық суы деңгейінен көтерілмей тұрып жағалауды бекіту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ ол Бейбарыс ауылы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепке барды. 2012 жылы салынған 300 орындық мектепте оқушы санының көбеюіне байланысты 120 орындық жапсарлас ғимарат салу қажет. Оған бастауыш сынып оқушыларын оқыту жоспарланып отыр. Мектептің акт залы мен спорт залына да жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Жапсарлас ғимарат салу үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып, сараптама қорытындысы алынды. Аймақ басшысы ауылдағы 15 мемлекеттік қызметші жұмыс істейтін ғимаратқа барды. Кабинеттердің бірінде полиция пункті орналасқан. 1980 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер