30 наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ ЗЕБЕШЕВ пен «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының өкілдерін қабылдап, өңірімізде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы айтылды.
Жиын барысында кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетігі таныстырылды. Ол – инвестициялар туралы келісім. Яғни инвестициялар мөлшері және қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігі бойынша белгілі бір өлшем шарттары бар ҚР Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт.
Айта кетейік, президент тапсырмасына сәйкес Қазақстанда инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы қалыптастырылған. Ол бүгінгі күні сомасы 32 трлн теңге болатын 930 жобадан тұрады. Осыған орай 130 000 жаңа жұмыс орны құрылды. Аталған пул тоқсан сайын ашық көздерде жарияланады. Ал, 2027 жылға дейін Атырау облысындағы инвестициялық жобалардың жалпы пулы 27 жобаны құрайтын болады. Оның сомасы 6 трлн теңге. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Өткен жылы облыста бес жоба іске қосылса, биыл жалпы сомасы 1,13 трлн теңгені құрайтын 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланды, оның 1,1 трлн теңгесі шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асады.
- Осы жобаларды жүзеге асыруға ҚР елшіліктері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ат салысуда, - деді «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Жандос ТЕМІРҒАЛИ. - «KAZAKH INVEST» командасы «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға ақпараттық, заңдық тұрғыда, сонымен қатар инвестициялық келісім-шарт жасау, келіссөздер ұйымдастыруға қатысты түйткілді мәселелерді шешуге көмектеседі.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді жолдаған ӨКҚ