Өңірде жақында іске асып жатқан «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасына бүгінде 860 жастан өтініш келіп түскен. Алайда олардың 100-і ғана баспаналы болады. Бұл туралы баспасөз брифингінде қалалық ТКШ, көлік және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВ мәлім етті.
1-20 ақпан аралығында «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау жүргізілді. Бағдарлама аясында 860-тан астам атыраулық өтініш білдіріп, олардың 830-ының құжаты мақұлданған. Қазіргі уақытта тізім «Отбасы банк» АҚ-на жолданып, несие рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі.
Мұқият қарастырылғаннан кейін 100 өтініш (облыс орталығында – 55, аудандарда – 45) іріктелді. Тізім сәуір айының басында несиені рәсімдеу үшін «Отбасы банк» АҚ-на жолданады.
Р.Жолдиевтің айтуынша, екінші жартыжылдықта өтініш берушілердің көптігіне байланысты қосымша қаражат сұралып, құжаттарды қабылдау қайта жалғасады.
Еске сала кетейік, «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өңірдегі 18-35 жас аралығындағы мамандар қатысқан. Жастарға тұрғын үйді 5% несие арқылы 19 жылға береді. Бастапқы жарна - 10%. Атырау қаласы бойынша максималды сома 18 млн теңге болса, аудан бойынша 13 млн теңге. Бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген тұлғаның атында жылжымайтын мүлік болмауы керек.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ