Атырау облысы әкімдігінің жанынан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссия құрылады.
Ол тұрғындардан қаладағы экологиялық жағдайға қатысты шағымдар көп түскеннен кейін құрылған. Баспасөз қызметінде атап өтілгендей, комиссияның құзыретіне өңірдегі табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуын бақылау, қоршаған ортаны қорғау бойынша ұсыныстар дайындау, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың жұмысына сапалы ұсыныстар енгізу кіреді.
Комиссия құрамына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, депутаттар, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғам белсенділері кіреді.
Алғашқы отырыс 30 наурызға жоспарланған.
- Комиссия отырысының уақыты мен орны, күн тәртібі қосымша хабарланады, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Атырау облыстық Экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВТЫҢ айтуынша, департамент мамандары ауа сапасына талдау жүргізген, нәтижесінде ауа сапасын бақылау станциясының аумағында күкіртті сутегінің 4 есе көп мөлшері бар екені анықталды.
28 наурызға қараған түні солтүстік-батыстан дәл 500 гектарлық «Квадрат» булану алқабынан қала жаққа қарай жел соғып тұрған.
Ал, кейбір тұрғындар ресми деректерге қарамастан, басқаша пікірде. Өздерінің атмосфералық шағын станциясының көрсеткіштеріне сүйенген олардың пікірінше, сол түні жел оңтүстік-шығыстан соққан.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА