Ауыл мектептерінде білім алатын 3600-дей оқушы «Мың бала» ұлттық олимпиадасының І-кезеңіне қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан САРБАЛИН брифингте мәлім етті.
«Мың бала» олимпиадасының мақсаты – жыл сайын ауылдық жерлерде оқитын 6-сынып оқушылары арасынан қабілеттілерін анықтау. Сондай-ақ олардың еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде білім алуына мүмкіндік беру. Олимпиадаға қатысу үшін тіркелу 1000bala.elumiti.kz сайтында жүзеге асады. Тіркелу 1 наурыздан бастап 30 наурызы аралығында жүргізілуде.
- Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір міндеті — орта білім беру сапасын арттыру. Әсіресе өңірлер арасындағы, қалалық және ауылдық мектептердегі білім беру сапасындағы айырмашылықты қысқарту. Ал «Мың бала» олимпиадасы – осы міндетті шешетін жобалардың бірі. Сол себепті, біз «Мың бала» олимпиадасына мұғалімдер мен ата-аналардың, оқушылардың назарын баса аударғымыз келеді. Олимпиада қорытындысында еліміз бойынша 1000 жеңімпаз анықталады. Олар еліміздің жетекші мектептерінде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Яғни Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім ала алады. Оған қоса қосымша 5000 оқушы онлайн сабақтарға қатыса алады,- деді Р.Сарбалин.
Оның айтуынша, олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Атырау облысы кесте бойынша 4-ші сәуір күні Астана уақытымен таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге 1000bala.elumiti.kz сайтында тестілеуден өту керек. Тестілеуге ғаламторға қосылған смартфон, компьютер немесе планшет көмегімен өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуді өз мектептерінде немесе өңірлік «Дарын» орталықтарынан да өте алады. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жіберіледі. Екінші кезең 26 - 28 сәуір аралығында ұйымдастырылады. Тестілеу «Ustudy» өңірлік тестілеу орталығы базасында өтеді.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ