Ағымдағы жылдың 26 наурыз күні сағат 16:55-те Бірлік ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс жанып жатқаны туралы шақырту түсті, деп хабарлайды ҚР ТЖМ.
Өрт сөндіру бөлімшесі шақырту орнына жеткен кезде "Құрманғазы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" КММ аумағында қамыстардың жануын анықтады. Қамыс өрт жалпы ауданы 30 га құрады. Оның ішінде ТЖД қызметкерлерімен және "Құрманғазы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" КММ күштерімен 21га көлемінде қамыс өрті жойылды және 9 га өрт өздігінен өшкен. Өрт 21:30 сағатта толықтай жойылды. Зардап шеккендер жоқ.
Аймақтың қол жетімділігі қиын болғандықтан, өрт сабалау құралдарымен сөндірілді, өйткені бұл осы жағдайда ең тиімді әдіс.
Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД, "Құрманғазы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" КММ 31 қызметкері, 1 бірлік техникасы, 5 дана мотопомпасы, 4 бірлік қайығы жұмылдырылды.