Атырау, 28 қараша 07:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тұтынушылар Kcell-ге қарсы. Процесс басталды

1 157 просмотра

Атырауда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұялы байланыс операторы «Кселл» АҚ-на қарсы талап арызы бойынша сот процесі басталды.

Естеріңізге сала кетейік, талап арыз жазуға оператордың өз қызметтерін пайдаланушылардың келісімінсіз тарифтік жоспарды біржақты өзгертуі себеп болды. Осыған байланысты департамент Kcell-дің әрекетін заңсыз деп тануды, абоненттердің құқықтарына нұқсан келтіретін шарттарды жария келісімшарттан алып тастауды, сондай-ақ ел бойынша тұтынушыларға ақшаны қайта есептеуді және қайтаруды талап етті.

Желтоқсанда берілген талап арызды қарау 14 наурызда басталған. Ал бұл туралы талапкерге онлайн отырыс басталардан тура 15 минут бұрын хабарлаған. Сот барысында жауапкер екі өтініш беріп үлгергені белгілі болды.

Бірінші өтініште Kcell заңгерлері азаматтық істі Алматы экономикалық сотына, яғни компанияның орталық кеңсесі орналасқан жер бойынша жіберуді сұрайды. Ал екіншісінде – нақты тұтынушылар, орын алған артық төлем сомасы және тиісті есептеулер көрсетілмегендіктен, талап арызды департаментке қайтару сұралған. Сонымен қатар, жауапкердің пікірінше, талап қоюшының құзыретіне белгісіз тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну кірмейді.

Облыстық экономикалық соттың судьясы Оксана ДӘУРЕШОВА ұсынған екі күндік мерзімде аталған өтініштерге департамент өкілі қарсылық білдірді.

Талапкер жауапкердің өтініштерде көрсетілген уәждерін негізсіз деп санады. Өйткені арыздар Атырау қаласының тұрғындарынан түсіп, олар оператордың жергілікті өкілдігімен келісімшарттық қатынастарға түскен. Ал Азаматтық-процессуалдық кодексінің нормаларына сәйкес, талапты заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі орналасқан жерде қоюға болады. Тұлғалардың шексіз тобының құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттіктерге келетін болсақ, олар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңында көрсетілген.

– Келесі отырыстың күні белгісіз. «Сот кабинеті» электронды сервисіне біздің талап-арызымыз бойынша ешқандай хабарламалар, құжаттар келіп жатқан жоқ, - дейді Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Әлем УӘЛИЕВ (қазір басқарма қайта құрылғаннан кейін осылай аталады).

Осы орайда, осы жылдың ақпан айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ұялы байланыс операторларына абоненттердің келісімінсіз өз тарифтерін заңнамалық деңгейде өзгертуге тыйым салу туралы ұсыныс жолдаған.

Лев ГУЗИКОВ 

23 наурыз 2023, 20:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.