Атырау, 28 қараша 08:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Спорт жаңалықтары

983 просмотра

Атыраулық спортшы Бішкектегі сурдодзюдодан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

60 келіге дейінгі салмақта шыққан Ерсін Болатов Моңғолия мен Корея өкілдерінен басым түссе, финалда жапон балуанын 8 секундта жеңді.

* * * * *

Алматыда муай-тайдан ел чемпионаты өтті. Доссорлық спортшы Әбіл Ғалиев 63,5 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.

Өз салмақ дәрежелерінде «Күмісті» Шамиль Құрбанов, Нұрлыбек Ордабаев, Темірғали Өтемісов және Аида Хайруллина, «қоланы» Бүркіт Көпжасаров, Дінмұхаммед Мұрат және Нұрсұлтан Самиғазиев иеленді.

* * * * *

Шымкентте казак күресінен 2003-2005 жылғы жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Мұнда атыраулық спортшылар Бақытжан Нарешов пен Бекбол Мұқашев қола жүлдені жеңіп алды.

Айта кету керек, Семейде өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында облысымыздың спортшылары да екі «қола» медаль иеленді. Олар Жалғасбай Біләл (70 келіге дейін) мен Әсемгүл Құлыш (60 келіге дейін).

* * * * *

Атыраулық спортшы Нұрбек Кенжебай Фуджейра қаласында (БАӘ) өткен WKF Karate 1 Youth League халықаралық рейтингтік турнирінде 60 келі салмақта қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі. Жарысқа әлемнің 67 елінен 1200 спортшы қатысты.

– Қазақстан жастар құрамасы U-21 командалық есепте бірінші орын алды. Біз үш алтын, бір күміс және үш қола жеңіп алдық. Бұл турнир қазан айында өтетін әлемдік жекпе-жек ойындарына іріктеудегі алғашқы жарыс, – дейді аға бапкер Болат Ізбасханов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрбек Кенжебай Чехияның Пардубице қаласында каратэден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

* * * * *

Көкшетау қаласында жүзуден өткен «Бурабай інжу-маржаны» балалар республикалық турнирінде Атырау облысының командасы жақсы өнер көрсетті. Спортшыларымыз 13 медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі жарысқа еліміздің көптеген облысынан 400-ге жуық жүзуші қатысты.

Иван Чесноков облыстық құрама қоржынына 4 «алтын» медаль қосты – 200 метрге кешенді жүзу; 50, 100 және 200 метр арқамен жүзу. Команда жеңіп алған қалған медальдың барлығы «күміс» болды. Олардың арасында Шолпан Мурзағалиева, Аянат Болатова, Айша Бисенова, Амира Сағындықова, Аян Бәйменшин, Жанбосын Жансейіт және Станислав Вотяков ерекше өнер көрсетті.

* * * * *

Эль-Гиза қаласында үстел теннисінен мүгедек спортшылар арасында Египеттің ашық чемпионаты өтті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Гүлнар Иманалиева бастаған Атырау облысының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті.

Жекелей сында Маки Имаков, Раушан Орынбаева және Әли Махулбеков қола жүлдегер атанды. Жұптық сайыста Р.Орынбаева мен М.Имақов алтын медаль тақса, өзге елдің теннисшісімен жұп болған А.Махулбеков күміс медаль иеленді.

* * * * *

Қостанайда кикбоксингтен жастар арасында ел чемпионаты өтті. Мұнда атыраулықтар 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды.

57 келіге дейінгі салмақта фул контакт бойынша Айбек Шамболов ел чемпионы атанса, К-1 бойынша 91 келіден жоғары салмақта Жеткеншек Асылжан үздік шықты.

* * * * *

Алматыда жекпе-жектен индонезиялық спорт түрі пенчак силаттан ел чемпионаты өтті. Ол биылғы жылдың соңында Бангкок пен Джакартада өтетін Азия және әлем чемпионаттарына қатысу үшін іріктеу сайысы еді.

Атыраулық қатысушылардан Асылхан Кәкенов, Арсен Ермекқали, Дархан Жұмағалиев, Аманжан Амангелдіұлы және Ерлан Шәкешов өз санаттарында чемпион атанды. «Күміс» жүлде Алмат Әубекеров пен Ілияс Қаналовтың есебінде. Қола медаль Азат Оңайбайға бұйырды. Спортшылардың бапкері Айбек Нұрлыбеков.

* * * * *

Атырау дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндеткерей Қасанғалиевтің 60 жылдығына арналған кикбоксингтен ҚР Кубогы өтті. Оған еліміздің 18 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты.

Бас бапкер Данияр Юсупов бастаған турнир қожайындары 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Роман Зубарев, Нұрсұлтан Жұмабаев, Сәлімжан Сәлімгереев және Гүлбану Саматова Кубок жеңімпазы атанды. «Күміс» Анжелика Цой, Төлеуғали Исламсанжар және Аян Жанбулатовқа бұйырса, «қоланы» Аяулым Боранбаева, Айболат Базаров, Ерназар Рысалиев, Алексей Төрехан, Әсет Темірбаев, Арслан Сапарғали және Айдын Кенжебай иеленді.

* * * * *

Мысырдың Александрия қаласында парадзюдодан Гран-при турнирі өтті. Жарысқа 30 елден 162 спортшы қатысты.

Атыраулық қатысушылардан Ерлан Өтепов (90 келіден жоғары) «күміс», Аманжол Жанботат (90 келіге дейін) «қола» жүлдені еншіледі.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 наурыз 2023, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.