Атырау қалалық №2 соты азамат С.М.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша кінәлі деп танып, жәбірленушілердің пайдасына 74 миллион теңгені өндіріп беріп, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотта анықталғандай, С.М. әлеуметтік желіде көліктерді жалға алатыны туралы жалған хабарландыру жариялаған. Жарнамаға хабарласқан 15 жәбірленуші оған өз көліктерін жалға беріп, нәтижесінде темір тұлпардан айырылған.
Облыстық прокуратура басқармасының басшысы Бекбала АҚЫЛБЕКОВТІҢ айтуынша, өткен жылы Атырау облысының соттарына «Алаяқтық» бабы бойынша 146 қылмыстық іс жолданған. Келтірілген залалға және басқа да мән-жайларға байланысты бұл бапта мүлкін тәркілеумен қатар айыппұлдан бастап 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады.
- Бүгінде 190-бап бойынша қылмыстың басым бөлігі банк карталарына қашықтан қолжетімділік арқылы жасалады, - дейді Б.Ақылбеков. – Алаяқтар карта қолданушыларға қоңырау соғып, банк қызметкерімін деп таныстырып, күдікті операциялар жасалған деп хабарлап, оларды бұғаттау үшін ұялы телефондарына бөгде қолданбаларды орнатуды немесе құпия деректерді хабарлауды сұрайды. Сондықтан ешбір жағдайда жеке деректеріңізді, кодтарыңызды, парольдеріңізді және банк карталарындағы басқа ақпаратты үшінші тұлғаға беруге болмайды.
Айнұр САПАРОВА