Атырау облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бағытында түрлі іс-шараларды қолға алды. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол ЖАҢАБЕКОВ мәлім етті.
Республика көлемінде пияз бағасы өсіп отыр. Осыған байланысты қазір Тәжікстан, Қырғызстан елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Нақты бағасы және жоғары сапасы белгілі болған жағдайда Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шартқа отыратын болады. Мүмкін болса Тәжікстаннан пияз өнімі тасымалданып, «Идеал» супермаркеттерінде сатылатын болады. Бұдан басқа Жамбыл облысынан және Батыс Қазақстан облысынан тасымалдау жоспарланып отыр,- деді Н.Жаңабеков.
Әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі өнім облыс аумағындағы 60-қа жуық сауда орнында сатылып жатыр. Мамандардың айтуынша, оларың бағасы нарықтағы құннан 15 пайызға арзанырақ. Қант тапшылығын болдырмас үшін «Көксу» зауытымен алдын ала келісімге отырған.
«Сондай-ақ, биыл «Қызанақ агро» мекемесі де егістік алқабын 160 гектардан 300 гектарға дейін көбейтіп, күзде 5 мың тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жинап алады деп жоспарлап отыр. Бұл да бағаның тұрақтануына септігін тигізеді», - дейді «Атырау» ӘКК АҚ бас менеджері Гүлмира МЕҢДАЛИЕВА. Айта кетейік, қазір тұрақтандыру қорында мамыр айына дейін жетуі тиіс 813 тонна көкөніс бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер