Атырау, 28 қараша 08:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Балалар, зейнеткерлер және көпбалалы аналар енді тістерін тегін емдете алады

1 653 просмотра

Биылдан бастап азаматтардың кейбір санаттарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы стоматологиялық көмек алуға болады. Бұл ретте емханадан жолдаманың болуы міндетті емес. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла ҒАЗИЗОВ баспасөз брифингінде мәлім етті.

Б.Ғазизовтың айтуынша, МӘМС арқылы стоматологиялық көмекке жүкті әйелдер және 18 жасқа дейінгі балалар, сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасына байланысты зейнеткерлер жүгіне алады.

«Азаматтардың бұл санаты шұғыл тіс жұлу және пломба орнату қызметін тегін пайдаланады. Бүгінде облыс бойынша 30-дан астам стоматологиялық емханамен келісім шарт жасалып, тұрғындарға пломба салу, терапиялық қабылдау, пульпитті емдеу, пародонтитті емдеу, тістің гипоплазиясы, флюорозе кезінде толық функционалдық қалпына келтіру және жансыздандыру сынды ем-дом жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,- деді Б.Ғазизов.

Сондай-ақ ол тұрғындарға медициналық көмек бойынша кеңес беретін, азаматтардан шағымдар мен өтініштерді қабылдайтын Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы туралы сөз қозғады. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына баға беруге мүмкіндік береді.

"Биылдан бастап бұл қосымшаның қазақ тіліндегі үлгісі де қайта жаңартылып отыр. Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы 1406 байланыс орталығымен интеграцияланған. Яғни, медициналық сақтандыру және пациенттердің құқықтары туралы өтініш тәулік бойы қабылданады. Азаматтардың барлық өтініші өңделіп, тіркеу нөмірін көрсетумен өтініштер тізіміне енгізіледі»,- деді Б.Ғазизов.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

18 наурыз 2023, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.