Атыраулық 17 жасар Дария БОЛАТ ат спортымен тұрақты айналысып, асау үйретіп жүр. Ат үстінде садақ атып, бәйгенің алдынан келіп жүрген жерлесімізбен жақында әңгімелесудің сәті түскен еді.
Дария Тасқала ауылындағы Тауман Амандосов атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқиды. Кішкентайынан ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп, төрт түлікке жақын өскен.
- Атқа мінуге қызығушылығым ауылда әжеме қолғанат болып, мал саууға көмектесіп жүрген кезімде басталды. Ес жиған соң алдыма мақсат қойып, ақша жинап, ата-анамның қолдауымен өзіме тай сатып алдым. Сөйтіп сол тайға өзім суын, шөбін беріп жүріп қолға үйреттім, - дейді Дария. – Бастапқыда қиын болды. Талай мәрте аттан құлап, гипспен жүрдім. Ата-анам «атқа жолама, ажалың аттан болады» деп бірнеше рет ескертсе де, ынтамды көріп қарсылық білдірмеді.
Әкесі Болат БЕРЕКЕНОВ пен анасы Айсұлу ЖҰМАҒАЛИЕВА қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан жандар. Әкесі механик болып жұмыс жасаса, анасы мектепте еңбек пәнінің мұғалімі.
Айта кету керек, Дария қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік ғимаратының жанында оқ тиіп қайтыс болған Алмас БЕРЕКЕНОВТЫҢ қарындасы болып келеді. Екеуі бір шаңырақта өскен.
Дария отбасында 4 перзенттің екіншісі. Өзінің алдында әпкесі, кейін сіңлісі және інісі бар.
- Атқа қызығуышылығым «Жау жүрек мың бала» киносынан басталды. Атқа мінсем, өзімді сол кинодағы Қорландай сезінемін. Бұйырса, мені қазақи кинолардан көресіз деген ойдамын, киноға түсу арманым, - дейді Дария.
Дария өзі үйреткен атпен ауыларалық аламан бәйгеге де қатысып, 20 аттың ішінен екінші болып келген.
- Соңғы екі жылдан бері ұлттық спорт түрлерінен бәйгеге, қыз қуу, жамбы ату жарыстарына қатысып жүрмін. Ер бала болып туғанымда аударыспақ, теңге ілу, көкпарға да қатысар едім, - дейді мектеп оқушысы. - Айналамда маған еліктеп, атқа мініп, садақ атқысы келетін қыздар көп. Туған сіңлім де өзіме еліктеп, атқа мінуді жетік меңгеріп алды.
Дария ат үстінде садақ атумен Жаңаталап ауылындағы Өнербек Жанбаланың жеке қожалығында арнайы аттармен, арнайы орында дайындалады.
- Мектептен келгеннен кейін атқа күніне 4-5 сағат бөлемін. Суарамын, жем-шөбін беріп, серуенге шығарамын. Аттың қасында жүріп, уақыттың қалай өткенін де сезбей қаламын. Қазір ауылда атпен серуендеуге шығатын өз ортам бар, он шақты ер баланың ішінде жалғыз қыз болып атқа мініп жүремін. Алдағы мақсатым - ұлттық спортты дамытуға үлесімді қосу. Сабағымды аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне спорт мамандығына оқуға түскім келеді, - деп аяқтады сөзін Дария.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазба Дария Болаттың альбомынан