Құрманғазы ауданында 18 дана киік мүйізін, 16 калибрлі «ИЖ» мылтығын заңсыз сақтаған 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 339-бабымен ("Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен заңсыз айналысу") сотқа дейінгі
тергеп-тексеру басталды.
***
ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Атырау аймағында "жасыру" әдісімен синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан жас қызды ұстады.
ҚР ҚК 297-бабының 3-тармағы 3-бөлігі («Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу») бойынша тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.
***
Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі бойынша азамат О.М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сотта анықталғандай, мекеменің көлік жүргізушісі О.М. осы мекеме иелігіндегі көлікті жұмыстан тыс мезгілде көрiнеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін орнатып басқарған. Оған 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
***
Исатай аудандық соты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен ("Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы") ҚР көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан Республикасының 2 азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Сотта биыл 20 қаңтарда Өзбекстан Республикасының азаматтары рұқсат қағазын алмастан Аққыстау ауылында орналасқан ЖШС-не трактор жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Олардың әрқайсысына 60 375 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
***
Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен ("Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер") Б.А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Соттан анықталғандай, ешбір жерде жұмыс жасамайтын 31 жастағы аудан тұрғыны Б.А. анасына сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеп, отбасы тыныштығын бұзған. Ол бұған дейін осындай әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындады.
***
Атырау облысы көлемінде ТМД елдерінің ІІМ арасында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес "Іздестіру" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Бұл ретте іздестірудегі қылмыскерлерді, хабар-ошарсыз кеткендерді және жеке басы анықталмаған мүрделерді анықтау және ұстау мақсаты көзделген.
***
Атырау облысының тас жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Полиця департаментінің қызметкерлері “Жылдамдық” рейдтік акциясын өткізді.
Тек бір күн ішінде 1500 жол жүру ережесін бұзғандар тіркелді, соның ішінде жылдамдықты шамадан тыс асыру, ксенон лэд фарларын орнату, авариялық жағдай туғызу және көлік құралын мас күйінде жүргізу фактілері анықталып отыр. 40 автокөлік айып тұрағына қойылып, 10 автокөліктің мемлекеттік белгісі түсірілді.
***
14 наурызда интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы және тергеу басқармасы қызметкерлері 2-ші деңгейлі банк филиалдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Полицейлер интернет алаяқтық қылмысын тергеу барысында жәбірленушілер тарапынан болатын ұсыныстар туралы сөз қозғап, 2-ші деңгейлі банктермен бірігіп жұмыс жасау ұсынысы айтылды. Сонымен қатар, банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыздың деректемелерін сұрамайтынын, сондай-ақ телефоныңызға келетін кіру кодтарын айтуды талап етпейтінін есте сақтаған жөн екені сөз болды. Мұндай жағдайларда телефон арқылы сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банктің сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қайта қоңырау шалу керек. Ешбір жағдайда банк картаңыздың ақпаратын немесе жеке ақпаратыңызды ешкіммен бөліспеу керектігін ескертті.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді Атырау облысы ПД ұсынды