Атырау, 28 қараша 08:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырау облысында қанша үміткер «мәреге» жетпей жарыстан шеттетілді

1 323 просмотра

51 жастағы кәсіпкер Бекболат ЛАТИПОВ Атырау облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерліктен «компания акцияларына ие» деген сылтаумен шеттетілді. Латипов өзін «заңсыз шеттетті» деп санайды. Ол мемлекеттік кіріс департаментіне декларацияны толық тапсырғанын және бұл акциялар жөнінде бірінші рет естіп отырғанын, мұндай акцияларды сатып алмағанын айтады.

ДЕКЛАРАЦИЯЛАДЫ, БІРАҚ ТОЛЫҚ МӘЛІМЕТ БЕРМЕДІ МЕ?

Оның айтуынша, ол мемлекеттік кірістер департаментіне қаңтардың 24-і мен 27-інде декларацияны толық тапсырып барып, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер атанған. 

Б.Латипов Қазақстан Халық партиясы атынан өзін-өзі ұсынып, 7 ақпанда Атырау қаласына қарасты Қайыршақты селолық округіндегі бірмандатты №1 аумақтық сайлау округі бойынша тіркелген. Ал, келесі күні 8 ақпанда үміткер куәлігін қолына алған.

18 ақпан күні мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталған соң ол да басқа үміткерлермен қатар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан. Бірақ, 3 наурыз күні жергілікті сағат 19.30-да оған бірмандатты №1 аумақтық сайлау округінің төрағасы Әлия ҚАЛИЕВА хабарласып, комисссия жиналысына шақырған. Латипов дәл сол уақытта өз шаруасымен жүргенін айтып, «босамаймын» деп жауап берген.


«ОЛ АКЦИЯЛАРДЫҢ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫН БІЛМЕЙМІН»

Бекболат ЛАТИПОВ

- Келесі күні Қалиева оған «облыстық мәслихат депутаттығына үміткерліктен тіркеуден бас тарту туралы» жиналыс хаттамасын шешімімен бірге қолыма тапсырды. Мұндай жиналыстардың уақытын алдын ала хабарламай ма? – дейді Латипов наразылықпен. Хатттамада әйелі екеуі ертеректе «Ынтымақ» АҚ-нан бағалы қағаздар сатып алған деп көрсетілгеннің бәрі өтірік екенін алға тартты. 

Хаттамада «Атырау облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің хаты негізінде Б.Латиповтың «Ынтымақ» АҚ-нан сатып алған екі акциясы бар, ал жұбайымның 10 акциясы бар» деп көрсетілген.  

Комиссия шешімімен келіспеген Латипов оларды сотқа берді. Өз шағымында ол «Бағалы қағаздар орталық депозитариі» АҚ-нан 4 наурызда «әйелі екеуіне тиесілі» деген құнды қағаздарды анықтап көрсетуді сұрап хат жолдағанын, бірақ әлі күнге дейін жауап ала алмай отырғанын жазған.

 

КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕГІ ПАСПОРТ НЕГЕ КЕРЕК?

Латиповтың шағымы бойынша сот ісін қарау 7 наурызда Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында басталды. Оның адвокаты Сырыма АХМЕДТІҢ айтуынша, 10 наурызда кеңесу бөлмесіне кеткен судья сол күні сағат 20.00-де округтік сайлау комисссиясының пайдасына шығарған шешімді оқыған. Сот шешімінің көшірмесін Латипов пен оның адвокаты сағат 22.00-ге жақын алған. Онда апелляциялық шағымды үш тәулік ішінде бере алатыны көрсетілген. Сот шешімімен келіспей, Латипов адвокатымен бірге келесі күні, яғни сенбіде облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіруге барған. Алайда, облыстық соттың есігі алдындағы күзетші «сенбі-жексенбі күндері демалыс» екенін айтқан.

Латиповтың айтуынша, оның адвокаты «сот кабинеті» онлайн сервисі арқылы электронды түрде жіберіп көрмек болған апелляциялық шағымын бере алмаған, өйткені сол кезде сервис жұмыс жасамаған. Бірақ кейін, 13 наурызда адвокат шағым беріп үлгерген, ал апелляциялық сот ертең, 15 наурызда сағат 16:00-ге тағайындалды.

Айтпақшы, Латипов Әлия Қалиеваның Қайыршақты селолық округі әкімі Шапхат Қалиевтың әйелі екенін айтты. Сонымен қатар, ол 22 ақпанда оның ескі, кеңестік дәуірдегі паспортын не үшін және неліктен сұрағанын түсінбейді.

– Ол тек көші-қон қызметіне тапсыру үшін керек екенін айтты. Сотта «Бағалы қағаздар орталық депозитариі» АҚ анықтамасында менің және әйелімнің жеке деректері нақты көрсетілмеген. Дәлірек айтсақ, қазіргі жеке басын куәландыратын құжаттарымызға сәйкес келмейді. Ал тұрғылықты мекен-жайға мүлдем басқаша жазылған, - дейді Латипов.  - Сотта «Ынтымақ» АҚ өкілі «Акциялар қашан қалай алынды, қол қойылды ма, арыз жазылды ма?» деген сұрақтарға «еш мәлімет жоқ, тек депозитарийден алдық» деп жауап берді. Сондықтан менің депозитарийдегі жеке деректерім ескі паспорттан алынған деп топшылаймын. Сотта депозитарий өкілінен акцияларды төлегені туралы түбіртек беруді сұрадым, бірақ маған көрсетпеді. Мұның бәрін қолдан ұйымдастырылған, жоғарыдан келген команда деп бағалаймын. Ал бірінші сатыдағы сотта менің сөзім ескерілмеді.

Б.Латипов құрылыс саласында кәсіпкерлік етеді және «Жасыл орман» заңды тұлғалар бірлестігінің Атырау филилалының басшысы. Ол орман шаруашылығын дамытуға қаражат жоқтығына байланысты бірлестік жұмысы қазір тоқтап тұрғанын алға тартты. 

Ал 14 наурыз күні кешке Әлия Қалиеваға телефон арқылы хабарласып, Латиповтың ол туралы айтқанының бәрін айттық. Сауалды тыңдап болған Қалиева осы жағдайдағы ұстанымын білу үшін телефон соққанымызға ризашылығын білдіріп, вотсапқа жазбаша түсініктеме жолдауға уәде берді. Алайда одан әлі ешқандай комментарий келген жоқ.


"ЖАРЫС" БОЙЫНША САНДАР

Парламент мәжілісі: Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының соңғы мәліметінше, Парламент мәжілісі және маслихаттар депутаттығына үміткер ретінде 496 үміткер құжаттарын ұсынған. 18 ақпанда 462 үміткер тіркелген. Қазір олардың саны – 445. Парламент мәжілісі депутатын сайлау бойынша №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша 20 үміткер ұсынылған. Олардың төртеуі «Аманат», «Ақжол», «Ауыл», «ЖСДП» партияларының ұсынуымен, ал 16 үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Бүгінде түрлі себептермен 8 үміткер тіркеуден шығарылған. Біреуі соттылығының болуына байланысты (Макс Боқай), алты үміткер барлық құжатты ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылды. Бір үміткер тіркелген соң декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерінің дұрыс еместігі анықталуына байланысты тіркеу күші жойылған.

Бүгінде Атыраудан Парламент мәжілісіне өзін-өзі ұсынған 9 үміткер, ал «Аманат», «Ауыл», «ЖСДП»  партиялары атынан үш үміткер ұсынылған.  

Маслихаттар: Облыс бойынша 9 мәслихатқа 140 депутат сайлануы тиіс. Оның 30-ы облыстық мәслихатқа, 25-і қалалық мәслихатқа, 85-і аудандық мәслихатқа сайланады. Облыстық мәслихаттың 30 депутатының тең жартысы, яғни, 15-і партиялық тізімдер бойынша сайланады.  Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі 125 бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 408 үміткер ұсынылған, 10 наурызда 372 үміткер қалған. Соның ішінде облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 50 үміткер ұсынылып, 40 үміткер тіркелгенн. 46 үміткер тіркелген.  Тіркеуден бір себептермен алынып тасталған үміткерлердің арасында оқырманға белгілі, сайлауға қатысу құқығын сот арқылы даулап жатқан Б.Латипов те бар.

Атырау қаласы мәслихатының депутаттығына 84 үміткер ұсынылды, оның 71-і тіркелді, қалғандары «декларацияланған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер дұрыс болмағандықтан» бас тартылды.

Аудандық мәслихаттарға 274 үміткер құжат тапсырса, «іріктелген соң» 261 үміткер қалды.

Айнұр САПАРОВА

Сурет Бекболат Латиповтың жеке мұрағатынан алынды

15 наурыз 2023, 04:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.