Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс 2024 жылы басталады. Жобаның құны әзірге белгісіз. Облыстық құрылыс басқармасына өтінім әлі түскен жоқ, деп жауап берді ведомство. Бірақ білім беру басқармасының жоспары осындай.
Атырау қаласының іргесіндегі Геолог ауылындағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы 2001 жылы ашылған. Ескі ғимарат 1970 жылы салынған. Бүгінде ол апатты деп танылған, күрделі жөндеуге жатпайды.
– 2021 жылдың наурыз айында Геолог ықшамауданындағы «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының ғимараты 4-санатты апат алдындағы жағдайда екені анықталды.
Сол жылы тәрбиеленушілер Талғайран ауылындағы Каспий Құбыр консорциумының қолдауымен салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Ал Геологта апатты жағдайдағы нысанды толығымен бұзып, орнына 290 орындық балабақша салу жоспарлануда, - деп хабарлады білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айнұр САПАРОВА