Бұл туралы облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл 3 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес қазақстандықтар арызды eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында не Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесі арқылы қағаз түрінде бере алады. Банкроттыққа арызды банкрот болып танылуға ниетті адамның өзі ғана бере алады. Арызды берер алдында мынадай мәліметтерді тексеруіңіз қажет. Яғни банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы қажет. Өзінің және жұбайының телефон нөмірін мобильді азаматтар базасына тіркеуге міндетті. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өтуге болады.
- 3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталды. Сол күні 1 тәулікте банкроттық туралы соттан тыс 70 өтініш түскен. Алғашқы өтініш электронды үкімет порталы арқылы Атырау қаласынан сағат 09:05-те түсті, - деді А.Сауданбеков.
Оның айтуынша, арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі. Алты ай бойы атаулы әлеуметік көмек алған өтінім берушілер 12 ай кешіктіру мерзімін есепке алмай, осы рәсімді қолдануға арыз бере алады. Дегенмен банкрот деп танудың салдары ломбардтардан микронесие алуды қоспағанда, 5 жыл ішінде қарыз және несие алуға тыйым салынады. Ал қайта банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана өтініш беруге болады. Сондай-ақ банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы банкроттың қаржы жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА