Индербор ауылындағы орта мектеп мұғалімі негізгі жұмысынан бос уақытында ауылдастарының аяқ киімін жөндеп, торт та пісіреді.
Мөлдір СЛЕКЕНОВА бұл ерекше өнерді 19 жасынан бастап меңгерген.
- Тұрмысқа шыққаннан кейін қайынағамның етікшілік өнеріне қызығушылығым оянып, бірте-бірте сол істі өзім меңгере бастадым. Бастапқыда клиенттер басқа етікші болмағандықтан аяқ киімдерін амалсыз тастап кететін. Бірақ кейін бәрі өзгерді, - деп еске алады Мөлдір.
Тапсырысты қабылдап алғаннан кейін Мөлдір бар жауапкершілікті өз мойнына алып, аяқ киімнің өкшесін жаса десе, барлық жерін тігіп, майлап-сайлап қоятын. Өз ісіне шын берілген Мөлдір аз уақытта клиенттердің сенімінен шыға бастады, келушілер де көбейе түсті. Көп ұзамай өз ауылында аяқ киім жөндейтін шағын кәсіппен айналуға кірісті.
Түске дейін тақасы түсіп, желімдері ашылып, сырмасы сынған аяқ киімдерді жөндесе, түстен кейін Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сабақ береді. Шеберханадағы кәсібімен айналыса жүріп, Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі мен Батыс Қазақстан инновациялық технология университетін тәмамдап үлгерген.
Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Мөлдірдің жолдасы Самал ОРАЗБАЙҰЛЫ да С.Сейфуллин атындағы орта мектепте көркемөнер пәнінен сабақ береді.
Кешке бәрі үлкен дастархан басына жиналады, кешкі асты күні бұрын қамдап кеткенім қандай жақсы болды деп қуанды Мөлдір. Өйткені есіне тағы бір әйелдің етігі түсті. Шеберханада үлгере алмаса, осылай кәсібін үйден жалғастыратыны бар. Екі кәсіпті қатар алып жүруіне енесі мен жолдасы көп көмектеміп отыр.
- Отбасындағы бес баланың үлкені болғандықтан үй шаруасына ерте араласып, 8 жасымнан тамақ пісірдім. Бұл кәсібімді өз ата-анам қолдамады, әйел адамға етікшілік жараспайды, басқаны меңгер деп. Бірақ енем мен жолдасым қолдау жасады, - дейді Мөлдір. – Күніне 5-6 тапсырысты орындаймын. Жөндеуге қажетті материалдарды Ақтөбе қаласынан алдыртамын. Мен бақытты адаммын, өйткені сүйікті ісіммен айналыса аламын.
Алғыр келіншек қолы қалт етсе, торт, түрлі тәттілер пісіріп, үйден тапсырыс алады. «Іскер ана» жобасында жүлде иесі атанған оны нағыз бесаспап десе болады. Ол оған лайық та.
Мөлдір бүкіл отбасының көмегімен кешкі астың орнын тез жинап тастады. Етіктерді жөнеуді қолға алмас бұрын мектеп дәптерлерін тексеріп шығуы керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Саламат БАЗАРБАЕВ түсірген сурет