Татарстан мемлекеттік кеңесінің депутаттары республиканың мемлекеттік рәміздері туралы заңға түзету енгізуге кірісті, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Мемлекеттік кеңестің вице-спикері Юрий Камалтынов пен мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі парламенттік комитет төрағасы Альберт Хабибуллин (екеуі де – "Единая Россия" партиясының мүшесі) "Татарстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" заңның преамбуласынан республиканың егемендігі туралы сөзді алып тастап, орнына "республиканың мемлекеттігі" деп жазуды ұсынған. Бұл туралы Азаттықтың Татар қызметі хабарлады.
Түзетулер қабылданған соң, Татарстанның мемлекеттік рәміздері "Татарстан Республикасының мемлекеттігін, Татарстан халқының дәстүрі мен ерекшеліктерін" білдіретін болады.
Заңда Татарстанның мемлекеттік рәміздері елтаңба, ту және әнұран деп көрсетілген.
Заң жобасына жазылған түсініктемеде бұл "Татарстан Республикасы конституциясының 2023 жылы 26 қаңтардағы редакциясы ережелерімен сәйкестендіру үшін" жасалғаны айтылған.
1990 жылдардан бері өзін Ресейге өз еркімен біріккен дербес мемлекет ретінде сипаттап келе жатқан Татарстан бұдан былай, конституция бойынша, мұндай ел болып есептелмейді. Мемлекеттік кеңес депутаттарының түзетулері республиканы дербестігінің соңғы атрибуттарынан айырды. Негізгі заңның жаңа редакциясы бойынша, Татарстанда президент те, егемендік те болмайды.
Жаңа заңдағы негізгі өзгеріс – республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасының атауы. 2022 жылы желтоқсанда депутаттар жаңа лауазымға "Татарстан Республикасының раисі" ("раис" сөзі араб тілінде бастық, төраға деген мағына береді) деген ат берген. 6 ақпаннан бастап Татарстан жетекшісі Миннихановтың лауазымы раис деп аталады.
Татарстан конституциясының 1-бабынан республика егемендігі туралы ұғым алынып қалған. Жаңа редакцияда "Татарстан Республикасы – Ресей Федерациясының құрамындағы демократиялық құқықтық мемлекет" деп жазылған. Бұған дейін ол "Татарстан Республикасының конституциясы мен Ресей Федерациясының конституциясы және келісімшарт арқылы Ресей Федерациясымен біріккен мемлекет" деп есептелген.