Атырау, 28 қараша 10:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Сарайшық» сапар орталығын сәуір айында ашу жоспарланып отыр

Сурет
1 379 просмотра

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру өткен жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда Атырау облысы әкімдігі өзге өңірлердегі осындай нысандарды ерекшелендіру үшін сапар орталығының сыртқы келбетіне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Сондықтан құрылыс жұмысының мерзімі ұзартылды.

- Бүгінде сапар орталығының құрылысы аяқталды деп айтуға болады. Қазір іргелес аумақты абаттандыру - тас төсеу, көшет отырғызу, сыртқы жарықтандыру, орындықтарды орнату секілді жұмыстар жасалуда. Сапар орталығының ашылуы сәуір айына жоспарланған. Біз құрылыс жүріп жатқан нысанға жиі барамыз. Жұмыс барысын қадағалаймыз және ең алдымен орындалу сапасына назар аударамыз. Алдыңғы сапарымда мердігерге құрылыс бойынша ескертулер жасалды. Нәтижесінде кеткен қателік орындалды, - деді Н. Құсайынов. Оның айтуынша, орталық құрылысына 780 млн теңге бөлініп, бүгінде 90%-ы игерілген.

Сапар орталығының ішіне музей экспозицияларын жасау бойынша жұмыстарды «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС жүргізеді. Серіктестіктің даму жөніндегі директоры Ринат КУТДУСОВТЫҢ айтуынша, «Сарайшық» сапар орталығы - Алтын Орда кезеңіне арналған еліміздегі бірегей нысан.

Сарайшық – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Сапар орталығында бірнеше экспозициялық аймақтар болады – моңғолға дейінгі кезең, моңғол кезеңі, сондай-ақ Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы кезеңдері.

- Елімізде алғаш рет Қасым хан мен Бату ханның бейнелері осында көрсетіледі. Ғалымдармен бірлесе отырып, бұл бейнелерді жасау үшін көп жұмыс атқарылды. Келушілер Сарайшық қалашығының материалдық мұраларын, дәл осы жерде әр уақыттамашалай алады, - дейді Р. Кутдусов. Ол сондай-ақ мұнда ғылыми негізде қайта жасалған Сарайшықтың бірегей макеті ұсынылатынын атап өтті. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың бейнесін жасауға ғалымдар көмектесті. Барлық экспозициялар мультимедиялық болады. Бұл сапар орталығының қонақтарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сапар орталығында алты экспозициялық зал, сондай-ақ көрме павильоны бар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ӨКҚ ұсынған суреттер

7 наурыз 2023, 12:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.