Ресей президенті Владимир Путинге видеомәлімдеме жасаған полк Украинаның Авдеевка ауданында орасан шығынға ұшырады. Бұл жөнінде солдаттардың туыстарына сүйенген "Сибирь.Реалии" сайты хабарлады. Бұған дейін Путинге жолдаған видеомәлімдемесінде олар өздерін тиісті дәрежеде дайындықтан өткізбей, соғысқа артиллериямен және барлаумен қамтамасыз етпей жібере салғанын айтқан, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
.Аталған 1439-полк, негізінен, Иркутск облысынан мобилизацияланғандардан құралған. Әскери қызметкерлер үш рет басшылыққа мәлімдеме жасаған. Олар өздерін "ДХР" атты славян бригадасының қарамағына жібергенін, ондағылар өздерін тиісті дәрежеде жабдықтармен қамтамасыз етпей, соғысқа жібере салғанын, ал барудан бас тартқандарды автоматпен атып жатқанын айтқан.
Солдаттардың сөзіне қарағанда, оларды аумақты қорғауға жіберуге уәде берген, алайда өмірі соғысып көрмеген тәжірибесіз солдаттардан штурмдық жасақ жасап шығарған.
Туыстарының айтуынша, қазір полк "түгелдей жойылған": бірнеше адам жараланған, қалғаны опат болған. Кейбірі із-түзсіз жоғалған. Мобилизацияға ұшырағандардың әйелдері мен балалары Путинге мәлімдеме жасап, сарбаздардың аман қалғандарына көмектесуді сұраған.
– Менің күйеуіме жарықшақ тиген екен, ауруханада жатыр. Айтуынша, полктегілердің бәрі өлген. Әзірше екі адам ғана жараланған, қалғаны опат болған немесе жағдайы ауыр күйде сол жақта қалған. Оларға тек бір апта береді. Одан кейін қайтадан алға жібереді, – дейді мобилизацияланған солдаттың әйелі Светлана (аты өзгертілген).
Мобилизацияға ұшырағандардың айтуынша, басшылық майдан алаңынан жеңіл жарақат алғандарын ғана алып кетеді. Ал ауыр жараланғандар мен өлгендерді сол жақта тастап кетеді, себебі қайта барса, "техникалардан айырыламыз деп қауіптенеді".
"Скала" атты полк жетекшісінің өкілі басшылыққа "күні кешегі жүргізушілер мен дәнекерлеушілер, жиһаз жасаушылар мен металл жинаушылар элиталық арнайы жасақ қатарына кіре алмайды" дегеннен кейін оны әскери полиция ұстаған.
26 ақпанда Иркутск облысынан соғысқа барғандар Путинге екінші рет мәлімдеме жасағаннан кейін облыс губернаторы Игорь Кобзев оларды "жаңа орынға ауыстырады" деп мәлімдеген.
Ресейде мобилизацияға ұшырағандар бұған дейін де жағдайдың нашарлығына, оқ-дәрі жетіспейтініне, басшылықтың күш көрсетуіне шағымданған. Кейбірі Украинада соғысудан бас тартқан.
BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, кейінгі үш айда соғыста қаза болғандардың едәуір бөлігі – мобилизацияға ұшырағандар, еріктілер мен түрме тұтқындары. Журналистер соғыс басталғалы бері 13 мың ресейлік өлгенін құжатпен растата алған. 924-сі мобилизация кезінде соғысқа алынған.