Атырау, 28 қараша 10:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Сенімді құрылыс» ЖШС-нің 69 жұмысшысы митинг үшін сот алдында жауап береді

1 541 просмотра

«Теңізшевроил» ЖШС мердігерлерінің бірі «Сенімді Құрылыс» ЖШС ақпандағы жұмысшылар ереуілін заңсыз деп танып, сотқа жүгінді.

Естеріңізге салсақ, осы жылдың 11 ақпанында «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің бір топ жұмысшысы жалақыны 20 пайызға көтеру, инфляцияға байланысты 500 мың теңге төлеу, вахтаны 28 күн емес, 14 күн жасауды талап етіп, ереуілге шыққан болатын.

Таңертеңгілік басталған жұмысшылар ереуілі түнде өзара келісіммен аяқталған еді. Бірнеше аптадан кейін «Сенімді құрылыс» басшылығы жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп тану жөнінде Жылыой аудандық сотына арыз берді.

Талап арызда ЖШС «Теңізшевроил» ЖШС-мен жасалған мердігерлік шартқа сәйкес Теңіз кен орнының аумағында орналасқан «Үшінші буын зауыты» (3GP) жобасында құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаратынын атап өте отырып, бұл жоба аумағы қауіпті өндірістік обьектіге жататынын айтады.

11 ақпан күні таңертең нұсқамалықтан өткен соң кейбір қызметкерлер өздерінің тікелей қызметтік міндетін орындаудан бас тартып, ереуілдің басталғанын жария етті.

Басшылық үшін бұл күтпеген жайт болды: ҚР Еңбек кодексінің 172-бабына сәйкес, жұмысшылар басшылыққа ереуілдің басталуы және болжамды ұзақтығы туралы 5 күн бұрын жазбаша ескертуі тиіс.

«Сенімді құрылыс» ЖШС-нің растауынша, жұмысшылардың бұл әрекеті үлкен зиян келтірді, өйткені ереуілге байланысты Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызды жобаны тапсыру мерзімдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, жобада жұмыс істейтін басқа компаниялардың заңды құқықтары мен мүдделері зардап шекті деп көрсетілген талап арызда.

Жақында митингке қатысқан 69 қызметкер алдағы сот процесі туралы смс-хабарлама алған.

- Ереуілге 200-ден астам жұмысшы қатысқан еді. Бірақ неге 69 адамды бөліп алып отырғанын түсінбей далмыз, - дейді жұмысшылар. - Кімді сотқа беру керек, кімге тиіспеу керектігіне іріктеу қалай жүргізілді? Сонда ЖШС бізді қудалап, жұмыстан шығармақ па? Не ойлары бар?..

Бұл Теңіз кен орнында жалақыны көтеруге және басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты өткен алғашқы митинг емес. Жұмысшылардың айтуынша, алдын ала тыңдау 7 наурызда өтуі тиіс.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 наурыз 2023, 14:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.