- Бұл жаңашылдық былтыр және осы жылдың басында декреттік демалысқа шыққандарға байланысты болмақ, - дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшының орынбасары Кұрманай ҚАЛИЕВА. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет
есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Бірінші,
екінші, үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсеткіш (131 100 теңге) болса, төртінші және одан кейінгі
балаларға – 63 АЕК (217 350
теңге). Ал отбасында егіз,
үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке
беріледі.
- Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді. Бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылады. Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы бойынша кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы отбасыға бала санына қарай беріледі. Биыл оның мөлшері 4 балаға – 55 304 теңге, 5 балаға – 69 138 теңге, 6 балаға – 82 973 теңге, 7 балаға – 96,807 теңге, 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 110 400 теңге,- деді Қ.Қалиева.
Оның айтуынша, асырап алған, сондай-ақ қамқоршылыққа алған балалары бар отбасыларға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылық белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА